Жаңалықтар

СҚО-да 7 қария балаларынан алимент алып отыр

Сонымен қатар, өңірде 7 933 балаға алимент төленеді. Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген 170 адам бар, олардың жалпы берешегі 166,3 млн теңгеге жетті, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. СҚО прокуратурасында алимент, еңбекақыны және мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселесі бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Прокурорлардың айтуынша, өңірде қазіргі уақытта алимент алатын 7 933 бала және 7 қарт ата-ана бар. Ал, алимент төлемейтіндер саны 170 адам, олардың жалпы берешегі 166,3 млн теңгеге жеткен.

"Жекелеген сот орындаушыларының өз жұмысына енжарлық танытуы қарыздың өсуіне, борышкерлердің уақтылы алимент төлемеуіне әкеледі. Салдарынан кәмелетке толмаған балалардың құқығына нұқсан келеді. Функционалдық міндетін тиісінше орындамағаны үшін 71 сот орындаушысы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры Павел Семенов.

Алиментті қасақана төлемеушілерге заң талабы қатал. Биыл 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазір 14 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 52 борышкер қамауға алынды, 46 борышкерге айыппұл салынған.

"Алимент төлемейтіндерге қатаң шара қолданылады, мәселен жүргізуші куәлігінің күші жойылады, облыста қазір осындай 69 адам бар. Бұдан басқа 95 борышкерге іздеу жарияланды, 42-сінің жүрген жері анықталды", - дейді Павел Семенов.