Жаңалықтар

Түркістан облысында 1-сыныпқа баратындардың 77%-ы қазақ тілінде білім алады

Түркістан облысында 1-сыныпқа баратындардың 77%-ы қазақ тілінде білім алады

Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар 2023-2024 жаңа оқу жылында Түркістан облысында 51 621 бала 1-сыныпқа барады, деп хабарлады newsroom.kz.
Бүгінде 52 мыңға жуық баланың, яғни 94%-ының ата-анасы құжат тапсырды. Оның ішінде 77%-ы баласы үшін (36 678 бала) қазақ тілінде білім беретін мектепті таңдаған. Өзге ұлт өкілдерінен қазақ сыныбына 1 496 бала 1-сыныпқа құжат тапсырды, - деп жазылған облыс әкімдігінің Halyq Uni-нің ресми сауалына берген жауабында.
Жалпы, өңірде 907 мемлекеттік мектеп бар. Онда 490 920 оқушы білім алады. Білім ордалары 87 844 компьютермен жабдықталған. Демек, бір компьютерді 5-6 бала пайдаланады. Оның ішінде:
  • ​2020-2021 оқу жылында Үкімет резервінің қаражатынан 7 711 планшет, 5 952 компьютер, 43 527 ноутбук («МТ-Сервис» – 21 763, «Технодом» – 21 764), барлығы 57 190 компьютер сатып алынды.
  • 24 317 компьютер мектеп қорынан, 2 339 компьютер жергілікті бюджет есебінен, 1 445 компьютер «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен алынған.
  • Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Түркістан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің «Мүлікті республикалық меншіктен Түркістан облысының коммуналдық меншігіне беру туралы» 2022 жылғы 3 мамырдағы №94 бұйрығына сәйкес, республикалық мемлекеттік мекемесі теңгерімінен облыс мектептерінің меншігіне 2 553 дана планшет берілді.