Аурухана: бала баққан әкелер

23 Ақпан, 2020 710 0

Осы апта newsroom.kz агенттігінің шолушысы елордалық жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханалардың біріне түсіп, корь (қазақшасы қызылша) ауырған екі баласымен бір аптасын ауруханада өткізген еді. Ем барысында, көршілес палаталарда ұл-қыздарымен бірге жатқан әкелерді көріп, арнайы сұхбат алғанды жөн көрді. Ендеше назарларыңызға сол әңгіме барысын қаз-қалпында ұсынамыз. 

Есімім – Данияр. Негізі әйелім кішкентай баламмен үйде қалды, төрт баламның бірі ауырып қалып, қызылшаға күдік бар деген соң келгенмін. Әйелім кішкентай баламен емханада жата алмайды ғой, сол үшін мен келдім деген бірінші кейіпкерімізбен келесідей әңгіме өрбіді. Өйткені, осы палатадағы әкелердің ішіндегі ең тәжірибелісі де, бала саны жағынан басымдауы да осы Данияр болды.

Журналист: Данияр мырза, ем алып жатқаныңызға қанша күн болды?

Д: Төрт күндей болды. Енді дүйсенбі күні шығатын шығармыз. Кешеден бері қызу жоқ, тамаққа тәбеті де жақсы.

Журналист: Қай жақтың тумасы болдыңыз?

Д: Целиноградтықпын (Ақмолалық). 

Журналист: Балаңызбен бірінші рет жаттыңыз ба емханаға?

Д: Жоқ, төрт баламыз бар. Емханаға жиі келіп тұрамыз. Сондықтан тәжірибем бар бұл тұрғыда.

Журналист: Баламен алғаш рет емханаға түскен күніңіз есіңізде ме?

Д: Есімде әрине. Онда әйелім түскен. Сол сәтте ауыл жақта тұратын едім. Жұмыс бабымен жағдай солай болды. Бірінші балам алты айлығында аздап ауыра бастады. Біз аудандық емханаға жиі баратын едік, бұл Көкшетау жақта болған оқиға. Бірақ елордамен салыстырғанда ол жақтағы емхананың жағдайы әрине салыстыруға келмейді.

Журналист: Түсінікті. Жалпы Өзіңіз қандай кәсіппен айналысасыз?

Д: Менікі жеке кәсіпкерлік. Құрлыс саласындамын.

Журналист: Жұмысыңызға кедергі келтірмей ме?

Д: Қазір келтірмейді.

Журналист: Негізі өзіңіздің мамандығыңыз қандай?

Д: экономист.

Журналист: Мен кеше деректі фильм көрген едім. Шымкентте бір жылдары балалар ЖИТС-пен ауырған еді ғой. Сонда әкелері балаларын тастап кеткен екен. Сізге қояйын деген сұрағым балаларыңыз ауырған кезде сізде бір жалығу, шаршау деген психологиялық күй бола ма?

Д: Иә, психологиялық тұрғыда баланың сырқаттануы ауыр нәрсе. Бірақ менің төртінші балам болғандықтан әдеттегі жағдай болып қалды. Ал қатты ауырып қалса, бірінші Аллаға дұға жасайсың, интернетті ақтарып ем-домын қарайсың, кей жандарға хабарласып, ақылдасасың деген сияқты. Адамдардың ауырып қалуы білмегендіктен ғой. Егер кезінде уақытында емдеп, ертерек емханаға келіп, көңілдегі күдікті айтсаңыз оны емдеу оңай болады. Яғни кез келген жағдайда ақпаратпен қарулану керек. Менің айтпағым дәрігерлер жағынан емделушілерге қандай ақпарат беру керек, адамдармен қалай сөйлесу керек сынды дағдыларды меңгерсе, бұл өте жақсы болар еді.

Журналист: Емханада жиі жатады екен. Жаныңызда бірге жатқан адамдармен кейін өмірде араласасыз ба?

Д: Неше түрлі адамдармен бір палатада жатасың. Әңгімелесесің. Бірақ шыққан соң олай жақын араласпайсың.

Журналист: Кейде бала-шағаңа аса ерекше мейіріммен қарау керек, өсе келе балаң қайтарады деп айтып жатады ғой. Бұған не дейсіз?

Д: Әрине. Көргенді бала жақсылықты ескереді. Бала сенің айтқаныңды емес, сенен көргенді істейді ғой. Сондықтан, әке көрген қайтарар деп үміттенемін...

Журналист: Қазір әлемде Child hater деген тенденция пайда болды. Яғни баланы ұнатпау яки жек көру...

Д: Ол Еуропада ғой.

Журналист: Бұл иә батыс әлемінде пайда болып жатыр. Олар баланы аяққа оралғы, өмір жолына кедергі деп есептейді. Бұл тенденцияға көзқарасыңыз қалай?

Д: Бұл енді жек көрудің бір түрі ғой. Адамның өмір сүру деңгейі көтерілген сайын мұндай тенденциялар болады.

Журналист: Қазір төрт балаңыз бар. Алдағы уақытта көпбалалы болмақ ниетіңіз бар ма?

Д: Білмеймін, енді көреміз. Бұйырғаны болар (күлді).

Журналист: Жуырда еліміздің еңбек министрлігі 15 бала дүниеге әкелгендерге 159 мың теңге төлейміз дегендей әңгіме айтты. Бұл туралы не ойлайсыз?

Д: Бір балаға 10 мың деп тұр ғой. Бұл жердегі мәселе балаға төленетін қаражаттың азайғаны болып тұр ғой. Яғни 15 бала болса, толық 159 мың теңге аласың, сонда бір балаға 10 мың теңгеден төлеп тұр. Бұрындары 20 мың болған еді ғой. Мұндағы ақпараттың өзегі осы әлеуметтік көмек хақында.

Журналист: Сіздіңше ерлі-зайыптылардың 15 баланы дүниеге әкелуі мүмкін бе?

Д: Әрине. Ондайлар бар ғой. Бірақ біздің буында емес. (күлді)

Журналист: Өзіңіз нешедесіз?

Д: 37-де.

Осылайша Даниярмен сұхбат құрған біздер келесі кейіпкеріміз Талғатпен жақын тілдестік. Еліміздің өзге өңірінен келген оның мамандығы – электрик, Даниярдан айырмашлығы ауруханада бірінші жатыр және тұңғыш қызы болғандықтан біраз қиналып әрі қобалжып жүргенін жасырмады.

Менің есімім – Талғат. Арқалық қаласынанмын. Алғашқы балам. Бірінші рет жатырмын емханада деген ашық-жарқы мінезді Талғатқа емханаға баламен алғаш жатқандағы әсеріңіз қандай болды? – деген дәстүрлі сұрағамызды қойдық...

Т: Негізі мен емханаға бұлай түсіп көрмеппін. Жұмысбасты адаммын. Электрикпін. Қостанай қаласында жұмыспен жүретінмін. Қызымның қызуы көтерілген соң емханаға бардық. Сосын бәрі жақсы сияқты болған. Қайтадан қызуы көтерілді. Содан елордаға алып келдік. Бірінші рет емханаға түскенде біртүрлі сезімде болдым. Бұрын келіншегім түскенде «саған рахат» деп әзілдесе беретінмін. Ондай емес екен. Баламен жату оңай емес. Келіншегім екінші балаға жүкті болғандықтан елге қайтты. Ішке кіргіздбеді. Бірақ баламен емханада жату оңай емес. Үйде жүргенде баланың бар-жоғы білінбейді ғой. Қазір күйзеліп, уайымдайды екенсің. Жалпы айтпағым ер адамға оңай емес екен.

Журналист: Қазір әйелі босанып жатқанда жұбайы да қоса кіріп жатады ғой. Осыған көзқарасыңыз қалай?

Т: Жалған сөйлемей-ақ қояйын. Өзім кірдім. Кейбіреулер әйеліңмен кірген соң кейіннен жиіркеніш пайда болады дегендей сөздер айтып жатады. Ондай ештеңе де жоқ.

Журналист: «Қазақ байыса, қатын алады» деген сөз бар. Жалпы тоқал алуға қалай қарайсыз?

Т: Жас болған соң көңілде желік болады. «Ананы көрсем, мынаны білсем» деген ұмтылыс болады. Бірақ менде ондай ой болмапты. Жарыма рахмет, бала-шағамды дүниеге әкеліп, өсіріп, бағып жатыр. Сондықтан ондай ой болмапты. Ой болса, оны айтамыз ғой. Бірақ осы уақытқа дейін олай ойламаппын. Тоқалды жағдайың келсе, алу керек. Құдайдың берген жан-жарым. Бірге өмір сүріп жатырмын.

Журналист: Шыққан соң жұмысқа кірісесіз ғой? Емханаға бірінші рет жатып, көзқарасыңыз өзгерген болар?

Т: Өзгерді иә, расымен. Адам өзі көзбен көріп, қолмен ұстаған соң ғана түсінеді екен ғой. Оның жақсы да, жаман жағы да бар. Жаман жағы әлбетте қиналасың, диагнозын білгенде де. Бірақ жақсы жағы ол – үйренесің, көп нәрсені білесің. Бұрын үйде бала жылап жатқанда келіншегім бар ғой деп мән бермейсің. Ал қазір өзім көзбен көріп жатырмын. Бұл жағдайды да жақсы жағынан түсіну керек.

Журналист: Ал медицина қызметкерлеріне көзқарасыңыз өзгерді ме?

Т: Менің емханада жатқаныма екінші жұма болды. Жаман тұсты байқамаппын. Жаман тұсын мен Арқалықтағы емханада байқағанмын. Диагнозды білмей, мүлдем басқа дәрі-дәрмек жазып беретін жағдайлар бар. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы емханалар көңілден шықты.

Журналист: Енді соңғы сауал қойсам. Мында байқап отырмын сіздің балаңыз, көршіңіздің де баласы тек орысша мультсериал «Маша и Медведь» көріп отыр. Болашақта балам тек орыс тілді болады, сол тілде қарым-қатынас жасайды сынды мәселелер сізді ойлантпайды ма?

Т: Негізі интернетті балаға көрсету мәселесінде қарсымын. Бірақ үйде әжесі мен келіншегім қарайды. Тұңғыш немере ғой. Әйелім өзі орыс мектебінде оқып, орысша оқу орнын бітіргеннен болар, осы орысша мультсериалдарды көрсетеді. Бірақ қазір қызым орыстілді болып кетті дей алмаймын. Алда өмір бар ғой. Бірақ қазіргі кішкентайлардың көретіні осы «Маша и Медведь» қой. Дегенмен, алда қазақыландыру мәселесін әрине қолға аламын.

Менің есімім – Рамазан. Екінші балам. Емханада баламен бірінші рет жатырмын деген бұл пациенттің әкесі – қазақ, анасы – татар ұлтынан болып шықты. Көлік жөндеу бекетінде механик болып істейтін Рамазан дінге жақындығымен және екеуара сұхбатымыз ресми тілде болғандығымен есте қалды.

Журналист: Рамазан, алғаш рет емханада жатқандағы әсеріңіз қалай?

Р: Басында үйренісе алмадым. Қазір бәрі ойдағыдай, үйреніп кеттім. Қиын бола ма деп ойлап ем. Бірақ олай емес. Үйдегідей сияқты.

Журналист: Енді әйеліңізді ұғынған боларсыз?

Р: Әлбетте. Біз осы жағдайда бірінші рет болып жатырмыз. Әйеліміз күнде осы жағдайда жүреді ғой.

Журналист: Біз Талғатпен тоқал алу жөнінде сөйлескен едік. Сізде жоспарда бар ма?

Р: Жоспарда жоқ. Бұл үлкен жауапкершілік. Бірінші әйеліңе де оңай болмайды. Бұған саналы тұрғыда келу керек. Материалдық жағдайды да ойлау керек.

Журналист: Екінші әйелім болса бұл жағдайда көмектесер ме еді деген ой болмады ма? Менің орнымда жатып дегендей.

Р: Енді таяқтың екі ұшы болады ғой. Қаншалықты жеңіл болса, соншалықты ауыр болады.

Журналист: Емханада жатып не ойладыңыз?

Р: Білмеймін, уақыт өтіп жатыр. Тіпті байқамайсыз да – деген Рамазан күнделікті күндерінің бірінде, үйде отырып, мұсылманшылық жолына түскен. Мешітке барып, намазға жығылған ол исламның бүкіл парыздарын орындайды екен.

Әдетте күйбең тіршілікте көп нәрсені ойламай жатамыз. Әйтпесе, бала қарап емханаға түсеміз деп кім ойлаған. Сондықтан, осы сұхбатымыз біреулерге қызық болар, бәлкім үйдегі балалар мен түздегі әкелердің өзара байланысына  сеп болар деп осы сұхбатты жариялап отырмыз. Өзара сырттай пікір айтып, мораль айтудан аулақпыз, сұхбатымызды оқыған әр оқырман өзі ой қорытындылар деп тек блиц-сұхбатымызды жариялауды жөн көрдік.


Әзірлеген,

Уәли ЖҰМА

Суреттерді түсірген автор

Тегтер: елорда, жаңалықтар, әлем, қазақстан, аурухана, қызылша, корь, инфекция, вирус

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.