Қарулы күштерде Қазақстан халқының Тілдері күні арналған байқау басталды
Қарулы күштерде Қазақстан халқының Тілдері күні арналған байқау басталды
Мерекеге орай «Тіл – татулық тірегі» айлығы жарияланды. Оған Қарулы күштердің әскери қызметшілері, олардың отбасы мүшелері және азаматтық қызметкерлер қатысуда, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қазақстан халқының Тілдері күні елімізде бесінші қыркүйекте атап өтіледі. Бұл күн қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай таңдалып алынғаны кездейсоқ емес.
Мереке халықтар достығын нығайтуға, қазақ халқының және елімізде тұрып жатқан этностардың дәстүрлерін, өнерін, мәдениетін дәріптеуге арналған.
Қазір жергілікті жерлерде командалар құрылуда. Міндетті шарттардың бірі, олардың құрамында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілінен ең кемінде үш адам болуы керек.
Байқауға қатысушылар жатқа өлең оқып, қазақ авторларының шығармаларынан үзінді келтіреді, сахналық көріністер көрсетеді.
Шәкәрім Құдайбердиұлының туғанына 165 жыл толуына және Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай арнайы нөмірлер дайындалмақ. Отан қорғаушылардың конкурстық бағдарламасында Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да даңқты батырлардың ерлігін ашатын тақырыптар да ерекше орын алмақ.
«Тіл – татулық тірегі» айлығының қорытындысы 15 қыркүйекте Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында шығарылады. Онда мінсіз дикциясымен, өзіндік ерекшелігімен және қызықты презентациясымен ерекшеленгендерді марапаттау өтеді.
Конкурсты Әкімшілік департаментінің тіл саясатын іске асыру басқармасы ұйымдастырып отыр. Жалпы бұл шара Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындауға бағытталған.