Жаңалықтар

Қазақстан экономикасының маңызды салаларында айтарлықтай өсім байқалады

Қазақстан экономикасының маңызды салаларында айтарлықтай өсім байқалады

2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасының өсімі 5%-ға жетті. Оның ішінде нақты секторда өсім 4,8%, қызмет көрсету саласында 4,9%. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады. Бұл ретте құрылыс (12,3%), сауда (10,4%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (8,8%) ең жоғары өсімді көрсетіп отыр, деп хабарлайды newsroom.kz. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, ҚР экономикасының өсімі әлемдегі геосаяси сілкіністерге қарамастан 3,2% болды. Ел экономикасы бірнеше жылдан бері сыртқы күйзелістерге төзімділік танытып келеді. Елдің жалпы ішкі өніміндегі ең үлкен үлесті мына салалар құрайды:
  • көтерме және бөлшек сауда; автокөлік пен мотоцикл жөндеу — 16,4%;
  • тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 14,5%;
  • өңдеу өнеркәсібі — 13,4%;
  • жылжымайтын мүлікпен операциялар — 6,5%;
  • құрылыс — 5,3%.
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, 2023 жылы Қазақстан экономикасы 4,3%, ал 2024 жылы 4,9% өседі. Бұл орташа әлемдік деңгейден айтарлықтай жоғары. Әлем экономикасы 2023 жылы — 1,8%, 2024 жылы — 2% өспек.
Some Image
ҚР экономикасының дамуы мен өсуінде квазимемлекеттік сектор ерекше рөл атқарады. Бұл сектордың ең ірі өкілі «Самұрық-Қазына» холдингі. Оның миссиясы елдің ұлттық әл-ауқатын жақсарту және болашақ ұрпақ үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету. Компания активтерінің Қазақстан ІЖӨ-дегі үлесі айтарлықтай 32,4%, бұл қор қызметінің ел экономикасына жоғары ықпалын көрсетеді. Бұл ретте қор өзінің еншілес ұйымдарын жекешелендіру арқылы ҚР-ның экономикасына мемлекеттің қатысуын кезең-кезеңімен қысқартуға ұмтылады. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, «Самұрық-Қазына» АҚ шоғырландырылған активтерінің көлемі 33,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 3,3 трлн теңгеге (немесе 10,8%) артық. Бұл өсім соңғы жылдардағы ең жоғары өсім. Бес жыл ішінде қор активтері жыл сайын орташа есеппен 6,7% өсіп келеді.
Some Image
2022 жылы «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар пандемия салдарын сәтті еңсеріп, тұрақты өсуді қалпына келтірді, бұған компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштерінің жақсаруы дәлел. Бұл өсім қордың қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етті. «Самұрық-Қазына» тобының 2022 жылғы табысы 14,8 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 26% немесе 3,1 трлн теңгеге артық. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім мына сегменттерде байқалды: шикі мұнайды сату (882 млрд теңгеге өскен), мұнай өнімдерін сату (1 225 млрд теңгеге өскен), теміржолмен жүк тасымалы (96 млрд теңгеге өскен), уран өнімдерін сату (297 млрд теңге өскен), әуе тасымалы (160 млрд теңгеге өскен), электр кешені (24 млрд теңгеге өскен), тазартылған алтынды сату (224 млрд теңге өскен), телекоммуникация қызметтері (40 млрд теңге өскен), толлинг мұнайын өңдеу (1 млрд теңге өскен) және жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау (32 млрд теңгеге өскен). Тағы бір айта кететін жайт, таза пайда рекордтық көрсеткішке жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 18% асып, 1 922 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте қаржылық тұрақтылық коэффициенті (қарыз/EBITDA) жақсарып, 1,7 болды. Оған себеп EBITDA-ның ұлғаюы және қарыздың азаюы. Бұған өз кезегінде валюталық қарызды мерзімінен бұрын өтеу, қарызды қайта қаржыландыру және теңгенің шетел валютасына бағамырың нығаюы ықпал етті.
Some Image
Операциялық және қаржылық көрсеткіштердің айтарлықтай өсуіне байланысты «Самұрық-Қазына» қорының мемлекетке дивидендтер мен салықтар түріндегі төлемдерінің көлемі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2022 жылы қор республикалық бюджетке 170 млрд теңге дивиденд төледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Сондай-ақ, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға 132 млрд теңге бөлінді. Жылдық бюджетке төленген салық сомасы 1,7 трлн теңге. Қызметкерлер үшін қор тобы ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік салықты да төлейді. Осылайша, «Самұрық-Қазына» холдингінің еншілес ұйымдардың қызметі арқылы да, мемлекетке төлейтін төлемдері арқылы да, ел экономикасына бұрын-соңды болмаған үлкен әсері байқалады.