Мамандар чекті неге тастауға болмайтынын түсіндірді
Мамандар чекті неге тастауға болмайтынын түсіндірді
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары дүкен кассасынан алатын чекті тастауға немесе басқа адамға неге беруге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Oinet.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Департамент қызметкерлері бейтаныс адамдар сатып алушылардан "қажетсіз чектерді" сұрауы мүмкін екенін жеткізді. Олар дүкендегі акцияға қатысу үшін чек керегін айтады. Мамандар мұның бәрі ақылға қонымды болып көрінгенімен тұрғындарға сақ болуға кеңес береді. Себебі алаяқтар чекті өз мақсаты үшін пайдалануы мүмкін.
"Мысалы, олар чекті алып қайтадан дүкенге келуі ықтимал. Олар қандай да бір заттың белгісін немесе магниттік қыстырғышын жұлып алып, дүкеннен шығуы мүмкін. Ал күзетші чекті сұраса, сіз берген чекті көрсетеді. Екінші әдіс бар. Яғни ол дүкеннен затты алып шығады.
Кейін тауарды чек арқылы қайтарып, ақша алуды көздейді. Себебі, тұтынушының белгілі бір мерзім аралығында тауарды қайтаруға құқы бар", - делінген хабарламада. "Заңсыз әрекеттер сіздің жеке деректеріңізді пайдалана отырып жасалуы мүмкін.
Яғни сіздің пластикалық картаңыздың көмегімен банк операциясын жүзеге асырған кезде. Алаяқтар чектегі мәліметтер арқылы сіз туралы қосымша мәлімет алуы ықтимал. Осы арқылы хакерлер сіздің банк есепшотыңызға шабуыл жасауы мүмкін.
Чек - сіздің ресми төлем құжатыңыз екенін естен шығармаңыз. Ол басқа адамның қолына түспеуі керек. Мұны есте сақтаңыз. Оны дүкеннің жанындағы қоқысқа тастауға болмайды", - дейді департамент мамандары.