Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясына 10 жыл

Халықаралық Түркі академиясына 10 жыл

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының құрылғанына 10 жыл толды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитіндегі түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты.

Осылайша тарихи Нахчыван келісімі негізінде 2010 жылдың 25 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында Түркі академиясы ресми түрде өз жұмысын бастады. Бірегей ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның 11-ші Президенті Абдулла Гүл қатысты.

Осыдан кейін Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесінің ІІ саммитінде Түркі академиясына халықаралық ұйым мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды. Аталған құжат мүше мемлекеттер парламентерінде ратификацияланған соң 2014 жылдың 28 тамызынан бастап Түркі академиясы халықаралық мәртебеге ие болды.

Бүгінде бауырлас түркі елдерінің ғылым және білім беру салаларын үйлестіретін институционалды интеграциялық құрылымға айналған Түркі академиясы БҰҰ, ЮНЕСКО, IRCICA, ISESCO қатарлы іргелі халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар орнатып, көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

Академияның қызмет ауқымы жылдан жылға өсіп келеді. 2018 жылы Академияға Мажарстан Республикасы бақылаушы мемлекет ретінде қабылданды. Ал өткен жылы Әзербайжанда өткен Түркі кеңесінің VII саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Академияға мүше болуға ниетті екенін мәлімдеді.

Туыс елдердің баршасымен жоғары деңгейде байланыс орнатқан Академия 10 жыл ішінде Еуразия және Америка құрлықтары ғалымдарының қатысуымен 120-дан астам ғылыми шараны жүзеге асырды. Бұған қоса, әлемнің көптеген тілдерінде 170-тен астам жаңа ғылыми еңбекті әзірлеп шығарды.

Халықаралық Түркі академиясы Түркі кеңесі Саммитінде Мемлекет басшылары берген тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындауда. Түркі ынтымақтастығы үшін маңызды бірқатар құжаттарды әзірледі. Атап айтқанда, Түркі интеграциясының тұжырымдамасы мемлекет басшыларының саммитінде мақұлданса, Академия дайындаған ортақ оқулықтар бауырлас елдерге кең таралып, мектеп бағдарламаларына енгізілген.

Академия жанындағы Нахчыван келісімі бойынша құрылған Түркі кітапханасында 70 мыңға жуық кітап қоры бар. Сонымен қатар, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартатын мол мұрасы Түркі музейінде топтастырылған.

Бүгінгі таңда Халықаралық Түркі академиясы түбірі бір түркі халықтарының алтын арқауына айналып үлгерді.

Ақпарат: http://twesco.org/ порталынан