Жаңалықтар

Матчтан кейін трибуналардағы қоқысты жинаған оралдық оқушы марапатталды

Матчтан кейін трибуналардағы қоқысты жинаған оралдық оқушы марапатталды

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Ақжайық» футбол клубының ойынынан кейін достарымен бірге стадиондағы қоқысты жинаған Орал қаласының 11 жасар оқушысына алғыс хат жолдады, деп newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Министрліктің мәліметінше, ведомство басшысы Әлиханның видеороликтегі үлгі боларлық іс-әрекетіне алғыс білдіріп, оған және оның достарына кітаптар, естелік сыйлықтар, сондай-ақ Катарда өткен әлем чемпионатының футбол добын сыйлады.
Сәлем, Әлихан! Мен сенің іс-әрекетіңе және стадиондағы тазалыққа үлкен жауапкершілік танытқаныңа ерекше риза болдым. Футболдың дамуы - жанкүйерлердің мәдениетіне де тікелей байланысты. Сондықтан сенің іс-әрекетің отандық футбол жанкүйерлері үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, кейде жас жігіттердің интернеттегі уақытша және арзан атаққа еріп, абыройсыз әрекеттерге баратынын көреміз. Сенің және достарыңның жасаған еңбектерің - дұрыс тәрбиенің нәтижесі және басқа да құрдастарың үшін жақсы үлгі болуы керек. Трибуналардан қоқыс жинау сияқты әрбір осындай игілікті іс-әрекет қоғамның дамуына маңызды үлес қосады, басқаларды тазалыққа жұмылдырады және ізгі қадамдарға жетелейді. Футболға және сүйікті клубыңа деген сүйіспеншілігің саған осы спорт түрінде биіктерді бағындыруға және отандастарың мақтанатындай тағы бір себеп сыйлайтынына үміттенемін. Жақында маған Катарда өткен футболдан әлем чемпионатының ойындарынан доп беріп жіберген еді. Сенің лайықты әрекетіңді көріп, осы допты саған сыйлаймын. Қазіргі таңда  әртүрлі әдебиетті оқу өте маңызды. Сондықтан саған  біршама кітап  пен басқа да сыйлықтар жіберемін. Бұл сенің футболға деген қызығушылығыңды арттырады және пайдалы іс-әрекеттерге ынталандырады деп үміттенемін. Құрметпен, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, - деді мәдениет және спорт министрі.