Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
25 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақтың Мархабаты 75 жаста

Қазақтың Мархабаты 75 жаста

Қазақтың Мархабаты 75 жаста
ашық дереккөзі
Ұлы Жеңіспен қатар дүниеге келген қазақтың талантты жазушыларының бірі Мархабат Байғұт ағамыз 75 жасқа толып отыр. Өмір жолын Түлкібас аудандық газетте корректор, тілшіліктен бастаған Махаң мемлекеттік қызметтің түрлі саласында абыроймен қызмет етті. 1992 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Махаң 1993-1998 жылдары облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-2003 жылдары осы басқарманың бастығы, 2003-2004 жылдары облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-2008 жылдары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы қызметтерін атқарды. 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңірлері бойынша арнаулы тілшісі ретінде өңірден айтулы жаңалықтар жариялап отырды. Қазақтың біртуар ұлы Мархабат ағамыздың «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі» секілді туындылары қалың оқырманның көңілінен шығып, жүрегіне жол тапты. Жазушының туындылары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың, А.Кимнің, В.Покальчуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты. 2019 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы қолданатын алты тілде шыққан Қазақ прозасының антологиясына шығармасы еніп, әлемнің 93 мемлекетіне таратылды. Бұл еңбектің дені - ағамыздың көз майын тауысып жазған, тұла бойда тұнған таланттың жемісі. Көрнекті жазушы, өңіріміздің тумасы күні бүгінге дейін қаламын серік етіп, әдебиетке адал болып келеді. Өзінен кейінгі жас дарындарға қолдау білдіріп, ақыл-кеңес беруден танған емес. Әрдайым қоғамдағы түрлі өзгерістерге бей-жай қарамай, өзінің азаматтық ұстанымын ашық айтатын ағамыздың еліне берері мол! Еліне деген перзенттік борышын адал өтеп, ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қайраткер ағамызға толағай табыс, жетістіктер тілейміз! Ізгі тілекпен, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов