Ресей рублі енді "криптовалютаға" айналмақ
Ресей рублі енді "криптовалютаға" айналмақ
Көрші елдің орталық банкі цифрлық рубльдің құнын белгіледі, деп хабарлайды newsroom.kz.
Кеше көршінің ұлттық валютасы құрдымға құлады. Күн соңында 1 доллардың бағамы 96 рубльге жетті. Яғни, 100 межесіне жақындап қалды.
РФ қаржы реттеушісі "сабан" ақшаны құтқару үшін интервенция жасамайтынын, кез келген бағам Ресей үшін қолайлы болып табылатынын мәлімдеді. Демек, рубль қандай тұңғиықтарды бағындыратыны әзірге белгісіз.
Осы орайда Ресей Банкінің директорлар кеңесі цифрлық рубльдің логотипі мен тарифтерін бекітті. Бұл туралы орталық банктің ресми сайтында жарияланды.
"Ол өзара байланысты қос элементтен: рубльдің ресми таңбасынан және оның жиегін әдіптейтін дөңгелек қоршаудан тұрады. Соңғысы бір жағынан, дәстүрлі монетаның қалыбын елестетеді. Екінші жағынан, Ресей Банкінің логотипімен үндеседі", – делінген орталық банктің ресми түсініктемесінде.Оның пікірінше, РФ билігінің келесі қадамы – нағыз рубльден бас тарту болуы мүмкін. Бірақ Е.Романенко оның соңы елде толқулардың басталуына түрткі болуы ғажап емес деді. Мысалы, Нигерия билігі 2021 жылғы 25 қарашада ұлттық валютаның орнына цифрлық валютаны – eNaira-ны енгізген. Қолма-қол ақша транзакцияларының бұғатталуына халық үдере қарсы шығып, оның соңы 210 миллионнан астам тұрғыны бар елдегі үлкен бүлікке ұласты. Қарсыласушылар банктерді, орталық банктің ғимараттарын жаппай өртеген.
"Нықтап айтқым келеді, РФ орталық банкі эмиссиялайтын цифрлық рубльдің криптовалютаға да, блокчейнге де еш қатысы жоқ. Керісінше, мемлекет бар тапқан, таянғанын бір мезетте тартып алады деп қауіптенетін ресейліктер үшін биткоин және басқа да криптовалюталар – капиталын мемлекеттің қол сұғуынан қорғап қалатын жалғыз пана, тыныштау айлақ болып қалады. Алтын мен нағыз криптовалюталар бізді, ресейліктерді, төніп келе жатқан "цифрлық Гулагтан" құтқара алатын сақтандыру құралы болып табылады", – деді қаржыгер Евгений Романенко.Ресейлік қаржылық аналитик Сергей Голубицкий де Мәскеу азаматтардың қаражаттарын бақылауды сапалы жаңа деңгейге шығару үшін цифрлық рубльді, "мемкриптовалютаны" енгізіп отыр деген пікірде. Ол РФ орталық банкі бұрын цифрлық рублдің 2030 жылдан соң енгізілетінін бірнеше рет мәлімдегенін еске салды. Енді билік асығып отыр. Ал азаматтар осы тамыз айында оны тестілік режимде пайдалана бастайды. Мысалы, Ресейде зейнетақы, жәрдемақы, стипендиялар және басқасы нағыз ақша түрінде емес, электронды әмияндағы цифрлар түрінде аударыла бастауы мүмкін.
"Ресей қоғамы аңқаулық танытып, бейғам тыныштықта, жайбарақат отыр. Шынында, қоғамымыз мемлекеттің оны қандай зұлмат құлдыққа итеріп жатқанын білмейді. CBDC немесе цифрлық рублдің блокчейнге де, криптовалюталарға да, криптоэкономикаға да, смарт-контрактілерге де түк қатысы жоқ. ЦР дегеніміз, орталық банк арқылы мемлекеттің жаппай бақылауында болатын фиатты қаржы ғана. Біздің заманымызда адамның қаржысын толық бақылау оның өмірін толық бақылауды білдіреді. Егер мемлекет кез келген адамды кез келген, тіпті абсурдты себеппен ұнатпай қалса және жазалауға ұйғарса, онда оның бүкіл қаражатын лезде бұғаттап тастайды", – деді Сергей Голубицкий.Яғни, оның пікірінше, басқаша ойлайтын, оппозициялық көзқарастағы азаматтар, шыншыл адамдар, қылмысты, коррупцияны, биліктің былығын әшкере еткендер және басқасы бірінші кезекте қудалауға ілікпек. РФ кәсіпкерлерін бір мәселе мазалайды. Цифрлық рубльдің бүкіл қозғалысы, ізі электронды платформада тізбектеліп сақталады. Егер ЦР-ді қылмыскер қолданса, құзырлы органдар оны таба алмаса, онда тізбек бойынша төмен тұрған адамдар мен компанияларға барып, соларды сілкілейтін болады. Көршінің сарапшыларының Мәскеудің бұл қадамын "Цифрлық ГУЛАГ" деп кеңестік концлагерлерге теңеп отырғаны да содан.