Жаңалықтар

Көңілі бай – Боев

Түркістан облысында соңғы жылдары орын алып жатқан табиғи және техногендік апаттар ұлтымыз бен еліміздегі ұлыстарды береке-бірлігін арттырып жатқандай.

Олай айтуымызға да себеп жоқ емес. Мамыр айының ортасында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Мырзакент елдімекені мен Ататкент ауылына барудың сәті түсті. Мақсатымыз – апаттан кейінгі орын алған жағдайды көру және түйгенімізді жазу. Біздер барған бетте азық-түлік қоймаларын араладық. Облыстардан келіп жатқан тауарлар тіреліп тұр екен. Көзімізге Тараз қаласының мәслихатынан келген қорапқа түсті. Тұрмыстық техника болар деп шамаладық. Қоймаға жауапты қызметкерлер Қазақстандағы ұйғыр диаспорасының атынан келе жатқан көмекті күтіп алудың қамымен жүр екен. Күн дегеніңіз жанып тұр. +33 градус. Ыстықтан қарайып кеткен түрлері мен түтігіп кеткен жүздеріне қарап, олардың оразада екенін көріп шынымен де жаның ашиды. Осындайда, елдің елдігі мен халықтың бірлігі нағыз ер-азаматтар мен қайыспас нәзік жанды қаракөздерімізде екенін сезінесің. Жол-жөнекей трасс бойындағы суда малтып жүрген жылқыларды көріп, тасқын суға жануарлар да үйреніп кеткен бе деп таңқалдым. Сөйтсем, Сырдың суы тасып, жер-жерде қалып кеткен көлшіктерді «қашқын су» деп атайды екен әрі бұл суда жүрген малда артық май болмай, еті дәмсіз шығатын көрінеді. Атакент ауылында құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр екен. Жуырда бітіп қалатын түрі бар. Мектептердің спорт залдарындағы азық-түлік қоймаларын да бір аралап шықтық. Балықтың исі мұрынға келгендей болды. Өткенде ғана «уатсап» әлеуметтік желісі арқылы «Мақтааралдағы топан судан балық қырылып жатыр. Жемеңдер» деген жалған ақпараттан үркіп қалған басымыз бұл балықтың атауы – кефаль екенін, Атырау жұртшылығының сәлемдемесі екенін көріп, ух дедік. Бір жағы риза болдық. Каспий теңізін мекендейтін бұл балықтың ғылыми атауы – «Liza aurata». Ұзындығы – 90 см жетіп қалады. Балықты білмейтін адам «жылан балықпен» (Caspiomyzon wagneri) шатастырып алуы бек мүмкін-ау деп ой түйдік.  width=

Атырау облысының сәлемдемесі - 20 тонна балық сақтаулы тұрған қойма осы.

Жанымыздағы жолбасшымыз балықпен тым әуестеніп кеткенімізді байқады ма, біздерді жеке бір үйдегі жабық қоймаға ертіп әкелді. Кәдімгі шығыстық үлгіде соғылған, үлкен әулісі биік қақпамен қоршалып, ауласы түгелімен бетондалған үйге келіп жеттік. Қоймасы үй маңында екен. Пультпен ашылған есікті және брондалған есігі бар екі қойманы көріп еріксіз бас шайқадық. Біреуінде – балық, екіншісінде – тауық сақтаулы тұрған қойма егесінің кім екенін білуге асықтық. Күрк-күрк жөтеліп, өткенде осыншама балық пен тауықты қоймаға тасимыз деп тұмауратып қалған жолбасшымыз – үй егесінің есімі – Абдухошим Боев екенін, осындағы «Cotton Мақта» фирмасының қожайыны екенін айтып қалды.  width=

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының І орынбасары Бейсен Тәжібаев және Абдухошим Боев

Сөйтсек, мәселе былай болған екен: апат басталған кезде Абдухошим ағамыз 1000 жуық адамды паналатыпты; қазір 300 жуық адамның күнделікті ас-ауқатын да мойнына алыпты; біздер келген 40 тонналық тоңазытқыш-қоймасын да тегін беріп отыр екен. Дереу танысып, сұхбат алмаққа асықтық. Зауыт маңында жүрген А.Боев мырзаның бой-сойы да өзіне сай, келісті көрінді. Жасы елулерден асып қалған ел ағасы асықпай отырып, сұрақтарымызға жауап беріп отырды. Дегенмен, мұндай сұхбатты жиі бермейтіні, біздің сауалымыздан қысылып отырғаны байқалды. Абдухошим ағамыз Қ.Жураев атындағы Душанбе педагогикалық университетін математика-физика мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Бертін келе Сырдария университетін экономист мамандығы бойынша аяқтап шығады. https://youtu.be/IeT9MA2tW6k Жалпы еңбек өтілі – 24 жыл. 2017 жылы «Тәуелсіздік жылдары ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қоғамдық саяси өміріне қосқан елеулі үлесі үшін» Мақтарал ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталады. Ал  жылы Халықаралық балаларды қорғау күніне көмек қолын созып, сол үшін де аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Бұған дейін бірнеше корпорацияда еңбек еткен Абдухошим Боев 2016 жылдан бастап «Cotton Мақта» мақтау өңдеу зауыты ЖШС-ның директоры. Nur Otan партиясының мүшесі екен. Бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген ағамыз бүгінде бір немеренің атасы. Осылайша керекті ақпараттарды сұрап алып, кері қарай қайтуға қамдандық. Көңілімізде елдің бірлігі мен бүгінгінің «Атымтай жомартындай» болған Абдухошим есімі қайталанып тұрды. https://youtu.be/vEXeqPLpOTs Жол-жөнекей көлікте ойланып келе жатып, капуста тиеп жатқан тұрғындарды көріп қалдық. Кілт тоқтаған көлігімізден жүгіре түсіп, сұхбат алуға асықтық. Капустаның келісі – 7-8 теңге олар сұрағымызға түгел жауап беріп, биыл қиналып қалғандарын жеткізді. 65 жастағы зейнеткер әрі бүгінгі дихан Асалбай Хурматов ақсақалдан бұл туралы біраз материал сұрап алдық. Риясыз көңілмен сұхбат берген ақсақалмен нөмір алмасып, естелік суретке де түсіріп алдық. Бұл сұхбат алдағы күндердің еншісінде. Ал біз бүгінгі мақаланы «кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақ даналығының негізінде «Көңілі бай - Боев» деп атауды жөн көрдік.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Нұр-Сұлтан-Мақтаарал-Нұр-Сұлтан