Билік спортта "сақалдылардың" қаптап кеткеніне алаңдаулы
Билік спортта "сақалдылардың" қаптап кеткеніне алаңдаулы
Бірақ жауапты құрылымдар оған қарсы тұра алар тегеурінді тетік ұсына алды ма?
Дін мәселелерін көтеріп жүрген өнертанушы, ақын Ерлан Төлеутайдың "салафизмнің қазақ спортын рухтан айыратыны" туралы байламы кезінде біраз пікірталас туғызған болатын, деп хабарлайды newsroom.kz.
"Өзбектің боксында дін жоқ, рух бар. Қазақтың спортында дін бар, рух жоқ. Спорт саласын салафизм идеологиясынан тазаламай, көсегеміз көгермейді. Әсіресе, күрес, бокс, ұлттық ойындар, тағы басқа спорт түрлері бізде уаһабтардың қолында. Олар қазақ спортын рухынан, яғни, әруағынан айыруда. Түбегейлі шаралар қолданбаса, қазақ спортының болашағы бұлыңғыр…", – деген болатын Ерлан Төлеутай өзінің Facebook парақшасында.Алайда бұл тақырып мемлекет тарапынан да, ғалымдар тарапынан да сол бойы терең зерттелмеді. Енді осы мәселеге Мәдениет және спорт министрлігі оралып отыр. Ведомство бүгінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, мәдениет, туристік қызмет, тарихи-мәдени мұра обқектілерін қорғау және пайдалану, кинематография, туристі мiндеттi сақтандыру, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" үлкен заң жобасын әзірлеп жатыр. Мәдениет министрлігі Қазақстанда "радикалды ағымдардың белең алуы, елде діни экстремизмнің таралуы" үлкен проблемаға айналғанына назар аудартты.
"Діни экстремизм қоғамдық қауіпсіздікке үлкен, салмақты қауіп төндіреді. Оған негізінен жастар тартылады. Ал спорт ұйымдарында құрама командаларға арналған спорттық резерв дайындалуда және оларға 7-ден 18 жасқа дейінгі жас ұрпақ кіреді. Бұл жаста психика әлі де тұрақсыз және сыртқы ықпалдарға көнбіс, еліккіш келеді. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спортқа негізінен халықтың әлеуметтік осал қабаттарынан келеді. Олар спорт мектептерінде оқшауланып тұрады немесе ұзақ уақыт оқу-жаттығу жиындарында болады", – деп мәселені негіздеді Мәдениет министрлігі.Сол себепті ведомство жаңа заң аясында өзіне жаңа құзыр сұрамақ: ол жас спортшылар арасында діни экстремизмнің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қалайды. Бүгінде бұл Дархан Қыдырәлі басқаратын Ақпарат және қоғамдық даму министрінің "жауапкершілік аймағы" саналады: салафизмге барлық салада сол қарсы тұруға тиіс еді. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз саласындағы осы кесірлі құбылыспен өзі күресуге ниетті.
"Сондықтан дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органдардың діни экстремизмнің профилактикасын және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі аса маңызды. Бұл ретте аккредиттелген спорт федерациялары да діни экстремизмнің алдын алу бағытында шаралар қабылдауға міндеттеледі", – деп түсіндірді министрлік.Әрине, меморган бұдан да салмақты, пәрменді іс-әрекет жасағаны маңызды. Әйтпесе, кедей спортшылар арасында қалталы жат ағындардың уағызы құзырлы Ораловтың уағызынан ары қарай да басым түсуі, тиімдірек болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда, Қазақстан болашақта зайырлы қалпынан, қазақы салтынан айрылмауы, Ауғанстан мен Ирандағыдай діни төңкеріске жол берілмеуі үшін әрбір салада тиісті тиімді, тегеурінді шаралар қабылданса, жөн. Әзірге, Қазақстан терроризм мәселесі елеулі алаңдаушылық туғызбайтын елдердің қатарына жатады. Халықаралық ұйымдардың қорытындысына сәйкес, республика терроризм қаупі төмен елдер тобына жатады. Терроризм қаупі деңгейі бойынша елдердің жаһандық рейтингінде Қазақстан 135 мемлекет арасында 93-ші орында тұр. Елдің индексі 0,901 балды құрады: бұл көрсеткіш тәуекелдің өте төмен деңгейіне жататын көрінеді. Бірақ "жау жоқ деме, жар астында" дейді қазақ даналығы. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі заң жобасына арналған консультативтік құжатында жат діни ағындардан төнетін қауіп зор екенін еске салды. "2016 жылы Қазақстан бірнеше рет террористердің шабуылына ұшырады және бұл қазақстандықтардың жанын түршіктірді. Өйткені бейбіт тұрғындардың ешқайсысы жат діни ағындардың Қазақстанға зияны тиюі мүмкін деп ойлаған жоқ. Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтардың радикалды исламшыл ұйымдармен өзара ынтымақтасуы – соңғы онжылдықтағы үрдіс, трендке айналды. Бүгінде Қазақстанда 600-ден астам сотталушының терроризмге қатысы бар. Олардың 98 пайызы өздерін салафит деп санайды. Сотталғандардың қалған 2–3 пайызы "Хизбут-Тахрир", "Таблиғи Жамағат", "Өмір. Сенім. Білім" және басқа ағындардың өкілдері болып табылады", – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрлігі. Жалпы, спорт саласы онсыз да былыққа бөгіп жатыр. Мәселен, салаға мемлекет тарапынан құйылған қаражат көлемі артты. Алайда оның қайтарымы жоқтың қасы: Қазақстан құрамасы соңғы олимпиадалардың бәрінен негізінен құр қол қайтып жүр. Бұған Жоғарғы аудиторлық палата да назар аудартты. Оның аудитінің қорытындысына сәйкес, 2000–2021 жылдар аралығында Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командалар жеңіп алған лицензиялар саны 111-ден 98-ге дейін, оларға қатысатын спортшылар саны – 130-дан 97-ге дейін кеміген. Ал құрама қоржынына түскен "алтын және күміс медалдар саны 0-ге дейін құлдырады". Бұл ретте 2018–2020 жылдары спорттың барлық түрлерін дамытуға бюджеттен 646 миллиард теңге шығындалыпты. Бұдан бөлек, демеушілер, жергілікті әкімдіктер, "Сәтті жұлдыз" лотерея операторы, "Самұрық-Қазына" қоры, ұлттық компаниялар мен жеке қаржылық, өнеркәсіптік топтар миллиардтаған ақша бөліп жатыр. Сарапшылар спортты бүркенген қаржы тасқыны жат ағындағылардың қалтасына құйылып жатпағанына және болашақта мемлекетке қарсы тірліктерге жұмсалмасына кепілдік жоқ деп отыр. Министрлік саладағы тағы бір олқылықты байқапты. Ол өрісте де "сақалдылар" аз емес көрінеді. Әңгіме ММА (Mixed Martial Arts) немесе аралас жекпе-жек спорт өнерінің түрлері туралы болып отыр.
"Қазіргі уақытта промоутерлік компаниялар аралас жекпе-жек, жұдырықтасу және ережесіз жекпе-жек бойынша коммерциялық турнирлер ұйымдастыруда. Промоутерлік компаниялар турнирлер ұйымдастырып қана қоймай, осы бағыттарды дамытуға көп қаражат жұмсайды. Түрлі залдар ашады, спортшыларды жаттықтырады және бүкіл индустрияны қалыптастырады. Алайда спорт агенттері мен промоутерлердің қызметі мәселесі заңнамалық деңгейде реттелмеген. Агенттер немесе делдалдар бүкіл әлемде әдеттегідей Спорттық агенттеу шартын емес, бізде Ақылы қызметтер көрсету шарттарын жасасады. Мемлекеттік деңгейде агенттеу саласындағы өзгерістер бақыланбайды", – деп мәлімдеді министрлік.Ведомство осы саланы да алда бақылауға алмақ. Атап айтқанда, министрліктің ұстанымынша, агенттер делдал ретінде кәсіби спорт саласындағы құқықтық қатынастардың ресми субъектілері болып заң жүзінде бекітілуге, Спорттық агенттеу шарттарында спорт агенттері барлық талаптарға сай болуға тиіс. Яғни талаптар қойылмақ. Мәдениет және спорт министрлігі спорт агенттері мен промоутерлердің қызметін реттеу арқылы "олардың қызметін және қаржы ағындарын ретке келтіруге" құлшынып отыр. Сарапшылар бұл салада аста-төк қаражат айналымда екенін айтып жүр. Оның бәрі көлеңкеде, жасырын жүреді. Министрлік тек футбол клубтарының спорт агенттеріне төлеген сыйақыларына қатысты ғана ақпарат ұсына алды. Сонымен, футбол клубтарының спорт агенттеріне төлеген сыйақыларының жалпы сомасы келесідей: 2015 жылы – 200 мың доллар, 2016 жылы – 829 370 доллар, 2017 жылы – 553 000 доллар, 2018 жылы – 930 922 доллар, 2019 жылы – 428 922 доллар, 2020 жылы – 808 174 доллар, 2021 жылы – 238 533 доллар, 2022 жылы – 513 573 доллар болды.