Жаңалықтар

Шымкентте карантин уақыты ұзартылды, алайда індетті жұқтырғандар тіркелмеді

Бір тәулікте Шымкент қаласында және Түркістан облысында коронавирус індетін жұқтыру дерегі тіркелген жоқ, - деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі Coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша бір тәулікте 209 адам коронавирус жұқтырғаны анықталған. Осылайша Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 8 531-ге жетіп жығылды. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 606 адам, ал Түркістан облысы бойынша 315 адам тіркелген. Ал Шымкенттің бас санитар дәрігері елдегі ахуалға байланысты карантинді 8 маусымға дейін ұзарту туралы қаулы шығарды. COVID-19 сырқаттанушыларының өсуіне, халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты Шымкент қаласының барлық аумағында 25 мамырдан бастап, 8 маусымға дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылады. Маска тағып, сақтық шараларын сақтай отырып, аулаға шығуға, саябақтарға баруға рұқсат етіледі. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерге маскасыз кіруге болмайды. Ең бастысы отбасылық мерекелерді және әртүрлі жиындарды ұйымдастыруға тыйым салынады.