Жаңалықтар

Танымал спорт журналисі кәсіби спортқа президент кіріссе деді

Танымал спорт журналисі кәсіби спортқа президент кіріссе деді

  Отандық спорт саласындағы кемшіліктерді тілге тиек ететін спорт журналисті кезекті жазбасын жариялады. Ол еліміздегі спортқа президенттің өзі кіріссе екен деген уәжін алға тартады. Аслан Каженов фейсбук парақшасында бұл туралы жазба жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz. “Отандық спорттың басы-қасындағылар қалай тыныш ұйықтайтынын білмеймін. Өз басыма кәсіпқой клубтарға кетіп жатқан шығын маза бермейді. Әсіресе, бір кездері президенттік кәсіпқой спорт клубы қанатының астына кірген «төрттік» қаржының үлкен бөлігін жұтып жатыр. Мәселен, «Барысты» күнделікті айтып жүрміз. Айтқан сайын олар небір қымбат легионерлерді тауып, команда қатарына қосып жатыр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан былтыр осы хоккейшілер жалақысына 8,5 млрд теңге бөлінді. Биыл да соның шамасы болайын деп тұр. «Астана» велокомандасы бар. Оған жыл сайын кемі 5 млрд теңге жұмсалады. Тағы да қаптаған легионер. Айналып келгенде, отандық спортқа пайдасы шамалы. «Астана» футбол клубы да сол 5 млрд шамасындағы ақшаны алады. Ол жақтағы жағдай да түсінікті. Жасанды команда. Ақшаның құдіреті. Плюс - «Астана» баскетбол клубы. Менің білуімше, оларға 1,2 млрд теңге төңірегінде қолдау жасалады. Ал, баскетболдан ұлттық құрамаға бөлінетін қаржы 10 есе аз. Яғни, бізге өзіміздің қыз-жігіттер, ел намысын қорғайтын командалар емес, легионер қаптаған кәсіпқой клубтар қажеттірек болып тұр. Оларға масқара ақша төлеп жатырмыз. Бұл - тек ашық дереккөздер мәліметі. Ал, нақты цифрлар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Дәл осылай бір кездері еліміздегі футбол клубтарына обылыстық бюджеттен бөлінетін қаржы кеңінен талқыланды. Тіпті, кейін оған Президенттің өзі араласып, ақыры «бюджет шығыны 1,2 млрд теңгеден аспасын» деген талап қойды. Амал жоқ, бәрі көнді. Қазір сол көлемдегі ақшаны ғана жаратып, ойындарын жалғастырып жатыр. Одан отандық футбол алға жылжымаса, кері кете қойған жоқ. Дәл солай мына «төрттіктің» де шығынын шектеу керек. Болмаса, еркін нарыққа жіберейік. Өздері демеуші тауып, өздері өмір сүрсін. Шетелдегі кәсіпқой клубтар солай істейді. Ешқайсысы мемлекеттің мойнына масыл болып отырған жоқ”,- Айтыла ауыз ауырған, жазыла жауыр болған бұл мәселе әрбір патриот азаматтың көкейінде сайрап тұрғаны рас. Қыруар қаржы бөлінеді, тиісті жерге жетпейді. Өзге елдің келімсектері қарын тойдырып, өзіміздің жастар құры қалады. Жаның ауырады…Бәлкім, шынымен президентке жеткізсек, мәселе оң шешімін табар?!