Алла тағала Рамазан айында пендесіне 30 күн бойы жамандықтан, нашар пиғылдан, жағымсыз әдеттен, таңнан кешке дейін ішіп-жеуден нәпсісін тиюды бұйырды. Мұсылман қауымы сол отыз күн оразасын өткеріп, ораза айт мерекесіме де жетті.
Пенде болғаннан кейін қателіксіз, кемшіліксіз болмайтыны белгілі. Кей адамдар денсаулығына байланысты, басқа да себептермен 30 күн оразада қаза қылған күндері болса, бүгіннен бастап сол қаза күндердің орнын өтеуге болады. Ал, оның қандай да бір талаптары бар ма? Қаза күндерді қалай өтеу керек? Шәууәл айының оразасы неше күн? Бұл туралы дінтанушы Жалға Сандыбаев айтып берді.
– Аға, ораза айт мерекесі құтты болсын! Көпшілік арасында Рамазан айының кей күндерін белгілі себептермен қаза қылып алғандар болса, оның қазасын қалай өтеу керек?
– Рамазан айының қаза болған күндерін келесі Рамазан айына дейін өтеуге болады. Оны ораза айт мерекесінен кейін бірден өтесе де болады немесе бөліп бөліп ұстауға да болады. Бірақ, міндетті түрде Рамазан айының қазасын өтеу керек. Себебі, ол парыз. Айт мерекесінің бірінші күнінен кейін әр өңір өздерінің намаз кестесіне қарап, таң намазына дейін сәресі ішіп, ақшам намазы кіргенде аузын ашады.
– Рамазан айынан кейін келетін Шәууәл айының да 6 күн оразасы бар. Оны да ұстау парыз ба? Сосын алты күн емес үш күн ғана ұстаса, қалған үш күнінің қазасын өтеу керек болады ма?
– Дұрыс айтасыз. Мұсылманша жыл санауы бойынша Рамазан айынан кейін Шәууәл айы келеді. Шәууәл айының 6 күн оразасы парыз емес, нәпіл ораза болып есептеледі. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады" – деп, бұл айда ұсталатын 6 күн оразаның мол сауабы бар екенін ескертіп кеткен. (Сахих Мүсілім).
Нәпіл ораза тұтқан мұсылман парыз және уәжіп оразалардың сауабын ала алмағанмен, бұл ғибадат пендені Аллаға жақындататын қайырлы амалдардың бірі болып есептеледі. Мұсылман нәпіл оразаны ұстауға міндетті емес. Дегенмен, нәпіл оразаны шын ықыласпен ұстаса, оның сауабы мол. Ал, нәпіл оразалардың қазасы болмайды.
– Айт мерекесінен кейін бірінші Шәууәл айының оразасын ұстау керек пе, әлде Рамазан айының қазасын өтеу керек пе?
– Ол өз ықтиярыңыз. Рамазан айының қазасын өтеп болғасын Шәууәл айының оразасын ұстаймын десеңіз де, 6 күн нәпіл ораздан кейін парыз оразаның қазасын өтеймін десеңіз де еркіңізде. Тек, екеуіне қатар ниет етуге болмайды. Дегенмен, парыз оразаның қазасын бірінші орындаған абзал.
– Рамазан айының оразасын ұстамағдар да Шәууәл айының оразасын ұстаса болады ма?
– Белгілі-белгісіз септермен Рамазан айының оразасын ұстай алмаған кісі Шәууәл айының оразасын ұстауына болады. Дегенмен, мүмкіндігінше алдымен Рамазан айының парыз оразасын ұстағаны дұрыс. Егер, биылғы Рамазан оразасын ұстай алмаған болса, Шәууәл оразасын ұстауға ниеттеніп отырса ұстасын. Бірақ, келесі жылдардың Рамазан айының оразасын ұстаймын деген ниеті болсын. Себебі, Рамазан оразасы мұсылмандар үшін – парыз.
Ақпарат: Baq.kz порталынан