Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет етілді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар еліміздің жарқын болашағы жолында тағдыр тауқыметін тартқан ұлт мақтаныштары мен арда азаматтардың рухына құрмет көрсетті. Іс-шара алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған нәубет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Одан әрі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Одан кейін көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Өңірлік комиссия жұмысы күзде қорытындыланады.
Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру — азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.