Жаңалықтар

Президенттік жастар кадрлық резерві туралы не білеміз: Оған қалай қатысуға болады?

Президенттік жастар кадрлық резерві туралы не білеміз: Оған қалай қатысуға болады?

2019 жылдан бастап Қазақстанда жас әрі талантты жастарды қолдау мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры Жандос Сәрсен Stan.kz тілшісіне жобаның талаптары мен бүгінгі күнге дейін істелген жұмыстар жайында айтып берді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі болу үшін қандай критерийлер мен талаптарға сай болу керек? Жандос Сәрсеннің айтуынша, мемлекет басшысы Президенттік кадр резервін қалыптастыру идеясын және жас әрі талантты кәсіпқойларды мемлекеттік қызмет жүйесінде ілгерілету қажеттігін өзінің сайлауалды бағдарламасында жария еткен. “Резервті қалыптастырудың негізгі міндеті – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, біздің еліміздің дамуына өзгерістер енгізгісі келетін "жаңа формацияның көшбасшыларын" іздеу арқылы жас таланттарға әрекетті әлеуметтік саты құру болып табылады.Резервті қалыптастыру қағидаларының 3-тармағына сәйкес резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттар келесі талаптарға сәйкес болуы қажет: жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар 35 жастан аспаған азаматтар сынға түсе алады”, – дейді ол.

Сонымен қатар жобаға шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да қатыса алады. Барлық қатысушылар pkrezerv.kz сайтында іріктеуге өтінім бере алады.

Жобаға іріктеу талабына сәйкес келетін бүкіл азаматтардың қатысуына болады. Бірақ мемлекет басшысы өзі тағайындайтын кейбір мемлекеттік қызметтерге шектеулер болуы мүмкін.

Бұнымен қоса комиссия сынға түсетіндердің жұмыс істеу қабілетіне, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыратын соттылығының жоқ болуына, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасамағанына, бұрын сотталмаған болуына назар аударады.

Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры резервке іріктеуге қатысушыларды тіркеу ақпараттық-талдамалық интернет-ресурсында жүретінін сөз етті. Сонымен қатар, үміткерлерді резервке алу туралы жұмыстарды ұлттық комиссия өз мойнына алған. Оның құрамына түрлі лауазымдағы шенеуніктер кіреді. Жандос Сәрсеннің сөзінше, резерке кезекті іріктеуді осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады:
  • Бірінші кезең – үміткерлердің құжаттарын қабылдау;
  • Екінші кезең – мәтіндік және цифрлық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
  • Үшінші кезең – жағдаяттық тапсырмалармен жұмыс істеу қабілетін тексеру; көшбасшылық қасиеттерін сынау.
  • Төртінші кезең – комиссия мүшелерімен әңгімелесу. Бұл кезеңге тек алдыңғы кезең сынақтарынан өткен қатысушылар ғана қатыса алады.
  • Соңғы кезеңде барлық кезең бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар Ұлттық комиссияның отырысында резервке алуға ұсынылады.
Бүгінде президенттік кадрлік резерв арқылы кімдер қызметке тұрды?  Жандос Сәрсеннің айтуынша, 2019 жылғы президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған үміткерлер еліміздегі лауазымдық қызметтерде жұмыс істей алады. Бұнымен қоса ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарма төрағалары бола алады. Олардың Резервте тұру мерзімі 2024 жылғы желтоқсан айына дейінгі ғана уақытты қамтиды. “Өз кезегінде, 2021 жылғы Резервшілер тек мемлекеттік лауазымдарға тарту көзделген. Осылайша, бүгінгі күнгі жағдай бойынша 350 резервшінің 263-і жұмысқа орналастырылды, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарға – 130, жергілікті атқарушы органдарға – 38, ұлттық компанияларға – 54, өзге және жеке ұйымдарға – 41. Соның ішінде саяси лауазымдарға 30, "А" корпусының лауазымына – 6 резервші тағайындалып, Парламент Мәжілісінің депутаты болып 1 және облыстық мәслихаттың депутаттары болып 2 резервші тіркелген”, – дейді ол. Сондай-ақ Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры резервшілердің тиімділігін айқындау өздері жұмыс атқарып отырған мемлекеттік органдар мен ұйымдарда заңнамаға сәйкес өтетінін сөз етті. “Бұл ретте, резервшілер өздерінің қызметі шеңберінде ауқымды жобаларға қатысуда. Мәселен: ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Алекешев ІІО қызметін бюрократияландыру және цифрландыру жөніндегі жобаны іске асыруға, сондай-ақ полицияның сервистік моделін құруға тартылды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметкері Мирас Қарғабай –  "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет" жобаларының жетекшісі”, – дейді Жандос Сәрсен. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына 38 резервші енгізілген (бұл ретте, 2 резервші екі консультативтік-кеңесші органның мүшелері) көрінеді. “Оның ішінде 3 – әйелдер іcтері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері және 1 – президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесте, 13 – квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы Директорлар кеңесінің мүшелері, 1 – жұмыс тобының мүшесі, 10 – мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің мүшелері”, – дейді Жандос Сәрсен.