Жаңалықтар

«120 адам құжатсыз, қамауда отыр». Қажылыққа аттанған қазақстандықтар шағымы (ВИДЕО)

«120 адам құжатсыз, қамауда отыр». Қажылыққа аттанған қазақстандықтар шағымы (ВИДЕО)

«ZamZam Qazaqstan» қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа аттанған бір топ қазақстандық жалған визаға алданып, құжатсыз тентіреп жүр, деп newsroom.kz жазады «Адырна» сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы редакциямызға келіп түскен шағымда айтылды.  «ZamZam Qazaqstan» қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылық турын сатып алған Б. есімді азаматша «Адырна» редакциясына хабарласып, ата-анасының қажылыққа аттанып, құжатсыз қалғанын, компанияның «алдап соққанын» хабарлады. Жәбірленуші тараптың айтуынша 21 маусым күні Алматы-Шарджа бағытында «Air Arabia» әуе компаниясы арқылы аттанған бір топ қажыларға аталған қажылық компаниясы жалған виза дайындап берген. Сауд Арабиясының полицейлері Мекке қаласына автобуспен аттанған қазақстандықтардың құжаттарын тексеру барысында заңсыз құжат тіркеп, 120 адамды қамауда ұстап отыр дейді. «Неше күннен бері нәр татпаған. Ата-апалар, оның ішінде менің де әке-шешем күннің ыстығында тентіреп жүр. Туристік визамен кеткен болатын. Сол жаққа жеткен соң қажылық виза аламыз деген болатын. Бірақ алмаған. Үш миллионға жуық қаражат төледік. Біздің қаражатымызды алып, алдап соғып отыр, Компанияның басшысына жазсақ, жауап бермейді. Гидтер телефондарын алмайды» деді. Б. есімді азаматша. Аталған қажылық компанияның басшысы жәбірленуші тараптың айтқаны бұрмаланған деп жауап берді редакция сауалына. «Ұсталған екі автобустағы қазақстандықтардың қолындағы жалған визаны мүфтияттағы қандай адам жасатқаны белгісіз. Бізді жығып салып отыр. Ұзақ зерттелуі керек мәселе» деді Данияр Илеев. Полиция істі әлі тіркемегені  және жәбірленуші тараптың арызын толық қарамағаны айтылды. Жағдайдың анық-қанығы әлі де нақтылануда. Оқиғаға қатысты тың ақпараттар қосымша хабарланады. Еске сала кетейік, бұған дейін «Кәусар тревел» қажылық компаниясының басшысы 1000-нан аса адамнан қаржы жымқырып, алдап соққаны айтылған болатын. Кейіннен компания басшысы Медет Мұратбайұлы Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.