Қарағандыда ойын алаңындағы төтенше жайттан кейін аудан әкімінің орынбасары жұмыстан кетті
Қарағандыда ойын алаңындағы төтенше жайттан кейін аудан әкімінің орынбасары жұмыстан кетті
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасарын қызметіне салғырт қарады деп есептеді, деп хабарлайды newsroom.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Аймақ басшысы екі бала зардап шеккен ойын алаңына қатысты аудан әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты орынбасары Қойшыбай Сүлейменовті қызметінен шығаруға қатысты тапсырма берді.
“Өткен аптада бізде төтенше жағдай орын алды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыс танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.Облыс әкімі қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарау керектігін айтты. Сонымен қатар Ермағамбет Бөлекпаев құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады. Еске сала кетсек, Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда қатты дауыл кезінде ойын алаңқайына дұрыс бекітілмеген жасанды көгал ұшып кетіп екі бала жарақат алды. Екі балада ауруханада ем алып жатыр. Бас сүйегі сынған балаға бірнеше рет ота жасаған.