Жаңалықтар

“Қазақстан барысы” төңірегінде тергеу басталды

  Қапсағай денелі балуандардың додасы «Қазақстан Барысы» турнирінің бюджетін құзырлы органдар тексеріп жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz almaty.tv-ға сілтеме жасап. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеуді бастап кеткен. Бүгінде турнирдің мердігерлері мен басшылары тергелуде. Олар қазақ күресінен өтетін жарысқа бөлінген 1 миллиард теңгеден аса қаражаттың есебін сұрауда. Ведомство өкілдері тергеуге қатысты өзге ақпар әзірге жария етілмейді деді.

Күні кеше Арман Шораев желідегі парақшасында келесідей жазба жариялаған: “Мен жүзеге асырған “Қазақстан Барысы” жобасын да тілге тиек етіпсіңдер, айналайындар, идея менікі болғанымен, бұл жоба қазір халықтың қазынасына айналған. Аталарыңның асы мен наурызда ғана естеріңе түсетін қазақ күресін, түйе балуандарды елге танытып, сондай жоба жасасаңдар, сендерге кім “қой” деді?!-деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан Барысы» 2011 жылдан бері жыл сайын өтетін ең ауқымды додалардың бірі. Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мақсат Исағабылов деген палуандар дәл осы турнирде топ жарып, елге танымал болған. Меруерт АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ