Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 маусым, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

“Жүсіпбек Аймауытов жақында табылған шығармасын абақтыда жазған екен”

“Жүсіпбек Аймауытов жақында табылған шығармасын абақтыда жазған екен”

“Жүсіпбек Аймауытов жақында табылған шығармасын абақтыда жазған екен”
ашық дереккөзі
Жақында Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда президент Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің Жүсіпбек Аймауытовтың еш жерде жарияланбаған шығармасының табылғанын айтқан болатын. Осы туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин шығарманың қашан және қай кезде жазылғаны туралы ақпарат берді, деп хабарлайды newsroom.kz. Бұл туралы ол фейсбук парақшасында жазды. Ерлан Қарин Жүсіпбек Аймауытовқа телініп отырған «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскені жайында аз-кем баяндаған.   “Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетіледі. Ол ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы № 01093 ісінде сақталған. Бұл іс және басқа да көптеген құжаттар жақында Мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған еді. Шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар. Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты Арнайы бөлімінің басшысы Л.В. Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады. Ол мұны алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтаған. Тергеу барысында Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта отырып, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін тілге тиек еткен. Абақтыда жазылған шығарма сотталушылар арасында тарап кеткен. Дамолла Битілеуов өлеңді Уайда Байбековке айтып береді. Өз кезегінде У. Байбеков оны қағазға түсіреді. 1933 жылдың 14 маусымында Исмағамбет Мәкішов пен Нұрғали Кадаленконы тергеу ісі бойынша айыпталушыларды беттестіріп, хаттама толтырылады. Сол хаттамада И. Мәкішов Н. Кадаленконың өтінуімен Дамолла Битілеуовтен шығарманы алып, оны Кадаленкоға бергенін айтқан. Битілеуов туындыны Карлагта отырған сотталушылардың арасында насихаттап жүрген”,-деп жазды ол. Сондай-ақ шығарма үш бөліктен тұратынын және ғалымдар өлеңнің мазмұнын 20-жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын топшылаған. “Сондықтан туындыға филологиялық сараптама жасау үшін Президент Архивінің жанынан Әдебиет және өнер институтының мамандары мен аймауытовтанушы ғалымдардан құралған арнайы топ жасақталды. Ғалымдар толық зерттеп, ортақ тұжырымға келгеннен кейін оның қорытындысы қосымша жарияланатын болады”,-дейді Ерлан Қарин.