Жаңалықтар

Каспидегі кепілдік: танымал журналист неге қойылым деді?

Күні кеше елді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Тапа-тал түсте “қарақшы” банк бөлімшесіне кіріп, ондағы қызметкерлерді кепілдікке алды.

Абырой болғанда адам шығынысыз қылмыскер құрықталды. Осы бойынша белгілі журналист Серік Жолдасбай әлеуметтік желіде Каспий банк ісіне қатысты министрдің басын қатерге тігіп, келіссөзге өзі барғаны, арнайы жасақтың дер кезінде әрекет еткені құдды қойылымға ұқсас екендігі туралы жазба жариялады. Осы бойынша журналистке хабарласып, мән-жайды сұрадық.

“Жалпы менің кешегі постым жай болжам. Болжам болған соң, нақты мынадай болды деп айту қиын. Мәселен кешегі оқиға бойынша министр Марат Ахметжановтың келіссөзге кіруі. Кепілдікке бірнеше адамды алғанда министрдің келіссөзге кіруі өзге елдердің практикасында бар ма? Астана қаласының ІІД бастығы немесе орынбасарлары баруға болатын еді. Ал мына жағдайда министрдің өзі барғаны қызық жағдай болды. Мысалы Қырғызстанда Алмаз Атамбаевпен келіссөз жүргізуге вице-министр барған болатын. Ол жерде үлкен жағдайдағы әрекетке вице министр барған, ал мына жерде алдын-ала “қарақшы”, “нашақор” деп ақпарат таратып, оған министрдің баруы күдік тудырады. Содан кейін Михаил Козачковтың телеграм каналы ел білмейтін ақпаратты ең бірінші жариялап отырды. Мысалы ол күдіктінің Жамбыл облысынан екенін және бұрын істі болғанын жазды. Құзырлы орган беріп отыратын ақпаратты журналист беріп отырғаны қызық. Абсурд жағдай. Тағы бір қызық жағдай, операция аяқталғаннан кейін “Арлан” жасағы мінсіз атқарды деп бұған дейін ақылы пост жазады делінген азаматтар мақтап шықты. Бір мезгілде жасақтың ісіне тамсанған адамдардың әрекеті де күдік тудырады. Олар тегіннен-тегін ешнәрсе жазбайтын азаматтар. Тағы кейбір азаматтар құқықтық органдардың беделін арттыру үшін жасалған деп топшылауда. Құзырлы органдардың беделінің төмен екенін білеміз. Соны әлі де болса кәсіби екенін дәлелдегісі келген сыңайлы. Өзіңіз ойлаңызшы, арнайы жасақ ғимаратқа басып кірген кезде, қылмыскер бір-екі адамды атып тастағанда не болар еді? Штурм жасаған кезде министрдің өзін кепілдіккке алуы мүмкін еді ғой. Алайда келіссөз жүргізгендердің өздерін сенімді ұстағаны күдік туғызады. Құзырлы органдар осындай мәселені жылдам шешті деген мақтауды қалаған сияқты. Бұл болжам. Кепілде болған адамдарға бұл ұнамауы мүмкін. Олар бұдан хабары да болған жоқ. Және де оларға оңай бола қойған жоқ деп ойлаймын. Бұл сөз оларға ұнамауы да мүмкін.
Бүгін сағат 3-те министрге “Жалпы неге сіз кірдіңіз? Сізді кепілдікке алғанда не болар еді? Қойылым емес пе?” деген сұрақтар қойылатын болады” - деді танымал журналист Серік Жолдасбай өзіне тікелей хабарласқан newsroom.kz порталының тілшісіне.

Естеріңізге сала кетсек, кеше елордадағы Каспий банк бөлімшесінің 7 қызметкерін кепілге алынған еді. Кейін қарақшы өз талабын айтқан болатын. Ол банктың қаржысын науқас балаларға аударуды талап еткен. Кейіннен қылмыскер құрықталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Меруерт АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ