Алматының Медеу ауданында 200 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарлануда

13 Ақпан, 2020 54 0

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығы алаңында Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов айтты.

Еске салсақ, 2019 жылдың 15 тамызында ҮЕҰ және қала белсенділерінің қатысуымен өткен қаланы көгалдандыру жөніндегі кеңесте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Jasyl Almaty» 3-жылдық жоспарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді және 2020-2022 жылдар аралығында 1 млн. ағаш отырғызуды тапсырды.

Осыған байланысты Медеу ауданы әкімдігімен аудан дамуының әртүрлі бағыттары бойынша, соның ішінде көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелері көрініс табатын “Медеу-2023” Стратегиялық жоспары әзірленуде.

«Жоспар аясында біз үш жылдың ішінде 180-200 мың ағаш отырғызуды көздейміз. Отырғызылатын орындар да анық. Өткен жылы Жасыл экономика басқармасымен Көк-төбе аумағында 100 мыңға жуық бұталар мен жас көшеттер отырғызылды», – деді С.Мәкежанов.

Сонымен қатар, ол өткен жылдың соңында Көк-төбеде күтім көрмеген көшеттерді қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілгендігін атап өтті. Аталған мәселе Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы мен Медеу ауданы әкімдігінің бақылауында. Оған қоса, күтім жұмыстарының басқа нұсқалары да қарастырылуда.

Медеу ауданының даму бағдарламасы қала басқармаларында талқыланып бекітілген соң, ағымдағы айда аудан тұрғындары арасында қоғамдық талқылауға шығарылады.

Брифинг барысында хабарланғандай, Шығыс айналма жолының бойында, Халық арена аумағында, Жарбұлақ, Есентай, Кіші Алматы және т.б. өзендерінің бойында көшеттерді отырғызу бойынша жаңа учаскелер бөліну жоспарлануда. Сондай-ақ, Бутаковка аумағында да учаскелер анықталды. Сонымен қатар, Медеу ауданының даму жоспары аясында ауданда орналасқан өзендердің аумағын абаттандыру жоспарлануда.

Жалпы Алматы қаласы бойынша ағымдағы жылдың көктемгі кезеңінде 330 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Бүгінде ағаш отырғызу орындары мен сұрыптары анықталды.

Тегтер: Алматы, жаңалықтар, ғашотырғызу, әкімдік

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.