Масат ата қорымы және жерасты мешіті Х–ХIХ ғғ

13 Ақпан, 2020 436 0

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ұштаған селосынан  20 км оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан.

Қорымда ерекше түрдегі кіші пішінді сәулет ескерткіштер және күмбезтамдар бар. Бұл ескерткіштер – негізінен ортағасырлық оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын қойтастар, тас қоршаулар, тас белгілер, Қорымның солтүстік-шығысында қазақтардың 18-19 ғасырлар аралығын қамтитын ескерткіштері сақталған. Мұнда қойтастардың алуан түрлі пішіндері көптеп кездеседі, қорымнан барлығы 525 ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған болса соның ішінде 300-ге жуығын осы қойтастар құрайды. Қорымның оңтүстік-батысында атаның жерасты мешіті орналасқан. Мешіт өзге ескерткіштерге қарағанда өте жақсы сақталған, табиғаттың кері әсері байқалмайды. Өте тығыз құмтастан ойылып, ішкі аумағы төрт қанат киіз үй үлгісінде жасалған. Жоғарғы жағындағы дөңгелек ойықтан ішке жарық түседі. Оның сыртқы беті қаланған тастармен көмкерілген. А.Бернштамның айтуы бойынша мұндай күмбезді құрылыстар салу Азия даласын мекендеген атты көшпелілерге тән қасиет болған. Қазақтардың киіз үйіндегі жоғарыдан жарық түсіретін шаңырақ осының дәлме-дәл көшірмесі сияқты. Мешіттің оңтүстік бөлігінде ішке кіруге арналған есік орнатылған. Ішкі бетінде есіктен сәл солға таман Мекке бағытында михраб ойылған. Сыртқы жағында 3-4 м батысқа таман диаметрі 2,5 м болатын қазылған шұңқыр орны сақталған. Масат-ата туралы халық арасында әлі күнге дейін шындыққа бергісіз аңыз-әңгімелер көп айтылады. Қалмаққа қарсы қанды жорықтар жасаған ерлердің арасында айрықша аталып, дәріптелетін тұлғалардың бірі Масат-ата болған. Масат-ата Маңғыстауға Хорасаннан Мешхед қаласынан келген. Түбек жерінде ислам дінінің орнығуына атсалысқан белгілі тұлға, елін жаудан  қорғаған батыр болыпты.

Масат ата аңыз әңгіме дерегі бойынша-қарудың қай түрі болсын, ешбірі дарымайтын, әрі жауынгер, әрі молда кісі болған.  Жаулары оны өлтірудің сан алуан әдісін  жасап көреді. Бірақ еш нәтиже шығара алмайды. Содан ең соңғы тәсіл жас әйелі арқылы батырдың ерекше қасиетінің сырын білуге кіріседі. Ата таң намазына тұрғанда, өз денесінің жүйе-жүйесі босап, отырған орны мен төңірегі бастапқы күйін өгертіп, бей-жай күйге түседі екен.  Және намаз кезінде батырдың да бойы жұмсарып, әлсізденеді, ол төңірек құм мен тас та ериді екен. Міне осындай сәтте жау да келіп, Масат-Атаның басын шапқан. Шабылған бас жаюлы жайнамазға түседі, Масат-Ата басын жайнамазға ораған күйде үйден шыға жүгірген, содан үй қасындағы құлыны бар сауын бие де артынан ерген екен. Атаның да, құлынмен биенің іздері де, атаның мойнынан тамшылағын қанның ізі де жолдың құбыла тұсындағы көк тасқа айна-қатесіз түсіп қалған. Масат ата пырақ болып ұшып кетіпті.

Сонымен атаның зираты жоқ, бірақ өлкедегі ең ескі ежелгі киелі орын осылай аталады.

Зиярат ететін орын, құрбан шалу бөлмесі, түнеуханасы салынған.

Масат-ата қорымындағы объектілерге 2005, 2006 жылдары «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ мамандарымен ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Ескерткіш алғаш рет 1979 ж. ҚазКСР Мәдениет министрлігі экспедициясымен сәулетші М. Нұрқабаевтың жетекшілік етуімен зерттелген.Ескерткіш алғаш рет26.01.1982 ж. № 38 Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 ж. 30 наурыздағы №119 бұйрығымен республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

 

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы»

бөлім меңгерушісі Айман Яриханова

Тегтер: Масатата, қорым, жерастымешіті

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Ұлық ұлыстың атасы

06 Қыркүйек, 2019

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.