Бұл "ұсақ алыптар" жаһандық геосаясат майданында тайталасқан тараптардың қайсысының жағына шықса, соған жеңіс сыйлай алады, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Өткен жылдан бері Батысқа үздіксіз жүгініп, көмек сұрап, өз елінің сыртқы саясатын басымдықты түрде соларға бұрған Украина Президенті Владимир Зеленский биыл тактикасын, беталысын күрт өзгертті.
Бұл бекер емес. "Зе мырза" ұзақ уақыт заманауи, қаһарлы қаруларын бермей, шегіншектеген Батыс державаларының қорғанысын бұзып, өз дегеніне көндірді, ауқымды контршабуылға керектінің бәріне қол жеткізе алды. НАТО-ға мүше елдер тіпті жойғыш ұшақтарын беруге илікті.
Ал енді, мамырдан бастап, Зеленский шағын державаларға қарай бет қойды. Өз аймақтарының сөзсіз көшбасшысы саналатын мемлекеттерге "дипломатиялық экспансиясын" бастады. Сауд Арабиясына, Жапонияға және басқасына бірнеше күндік сапар жасап, барлық халықаралық мәселедегі украиналық ұстанымды түсіндіруге күш салып жатыр.
Мұның мәнісін америкалық саяси аналитик, Eurasia Group консалтинг фирмасының саяси тәуекелдер жөніндегі төрағасы Клифф Купчан (Cliff Kupchan) түсіндірді.
"Зеленскийдің мақсаты – Бразилия, Үндістан, Индонезия мен Сауд Арабиясының қолдауына ие болу. Бұл елдер Батыстың санкцияларын қолдамады, Ресейден теріс айналмады. Соғысқа қарамастан, онымен экономикалық, басқа қарым-қатынастарын өрістетті. Егер Украина Президентінің дипломатиялық біліктілігі осы елдердің басшыларын өз жағына шығаруға жетсе, онда Ресейдің күні қараң болады. Жалпы, осы және басқа да бірқатар аймақтық жетекшілер бұрын-соңды болмаған қомақты билік пен беделге ие болып отыр. Олардың геосаяси салмағы неге күрт артты? Өйткені олар бейтарап қалу арқылы әрекет ету бостандығын иеленді, олардың маневр жасау өрісі өте кең. Олар өз өңірінің көшбасшысы рөлінен де пайда табады. Мысалы, АҚШ пен Қытай арасында ушыға бастаған тайталасты өз мақсатына, мүддесін ілгерілетуге пайдаланады", – деді америкалық аналитик Купчан.
Foreign Policy орташа державалардың Екінші дүниежүзілік соғыс заманынан бері болмаған "іс-қимылдың зор мүмкіндігіне" қол жеткізгенін жазады. Әрине, олардың мүмкіндіктері мен әлеуеті АҚШ пен ҚХР сияқты қос алпауыттан әлдеқайда аз. Тиісінше, жаһандық геосаясаттағы ықпалы да сонша үлкен емес. Бірақ біріксе, біраз нәрсені шеше алады.
Саясаттанушылар "Жаһандық солтүстіктегі" (Global north) өңірлік орташа державаларға Франция, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерді жатқызады. Оның бәрі дерлік АҚШ және Украина жағында. Бұрын жаһандық солтүстіктің өңірлік державалары қатарына Ресей де кіретін. Бірақ ол енді абыройсыздыққа қалып, шын шама-шарқын көрсетіп қойды.
"Жаһандық оңтүстіктің" (Global south) аймақтық державаларына Бразилия, Үндістан, Индонезия, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Африка, Түркия енгізіледі. Батыс сарапшыларының назары соларға ауып отыр.
"Түпкілікті таңдауын жасамай, әр жаққа жалтақтаған осы алтылық бірде бір супердержаваның жетегінде кеткен жоқ. Тиісінше, олар өзге мемлекеттер үшін жаңа тартылыс ошағына айналатын жаңа қуат өрісін түзе алады. Бұлардың геосаяси салмағы бар, барлығы G20 мүшелері болып табылады және өз мәселелерімен шектелмей, жаһандық геосаясатпен де, геоэкономикамен де белсенді айналысады. Бұл алты мемлекет жаһандық оңтүстікте жүріп жатқан геосаяси үрдістердің барометрі қызметін атқарады. Алпауыт державаларға тізгінін ұстатпай, ортадан табылуға тырысқан бұл мемлекеттердің рөлі ары қарай арта береді. Себебі, дүниежүзінде near-shoring (жеткізілім тізбектерінің өңірлерде шоғырлануы) және friend-shoring (олардың қарсыластан мұраттас елдерге ауысуы) процестері жүруде. Нәтижесінде, олардың полюстерге: Қытайға да, Америкаға да тәуелділігі азайды", – деген қорытынды жасады Foreign Policy басылымы.
Егер Украинаға шапқыншылық жасап, Батыстың санкциялық қыспағы мен әскери тоқпағына қалмағанда, Ресей одан сайын күш алып, ақыр соңында бұрынғы кеңестік республикаларды айналасында берік топтастыра алатын еді. Еуразиялық одақ соның іргетасын қалады. Бірақ бүгінде Орталық Азия Түркияның тартылыс күшінің ықпалына жығылуда.
Өз кезегінде Үндістан да АҚШ-тан ауып келген релокант фирмаларды қабылдап, түрлі құнды тауарлар жеткізілімінің жаңа тізбектерін қалыптастырып жатыр.
Сауд Арабиясы энергетикалық нарықтарды жатқызып, өргізетін державаға айналып келеді. Ол тіпті ОПЕК+ жиналуын күтпей-ақ бағасы құлдыраған қара алтынды демеу үшін осы маусым айында, өз бетінше мұнай өндірісін тәулігіне тағы 1 миллион баррелге азайтуға шешім қабылдады. Осыдан соң ертесіне ОПЕК+ жалпы өндірісті тәулігіне 1,66 млн баррелге азайту туралы мамырда қабылданған квотаны бүкіл 2024 жылға ұзартты. Бұған қоса, Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд өңірлік қаржы орталығына айналды.
"Әлем сенің айналаңда айналмайды" деген тұрмыстық тәмсіл бар: АҚШ пен Қытай осыны шын сезіне бастады. Халықаралық валюта қоры заманауи әлем дамыған сайын фрагментациялана түсетінін ескертті. Ал бөлшектелген әлемде өңірлік орташа державалар барған сайын маңызды рөл ойнайтын болады.
Сарапшылар кезінде өңірлік держава статусын місе тұтпай, "Үшінші Рим", көпполярлы әлемдегі АҚШ-қа балама орталық болуға ұмтылған Мәскеудің жаһандық оңтүстік елдерін бір ұйымға – БРИКС-ке (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) біріктірмек болғанын еске салды. БРИКС жай ғана лидерлердің басын қосатын форум сипатында құрылды. Кремль оны дамытып, тұрақты жұмыс жасайтын ұйымға, ең құрыса бірлестікке айналдыруға тыраштанды, ақшасын аямай төкті, жаһандық насихаттауға күш салды. Бірақ нәтиже шығара алмады. БРИКС ортақ күн тәртібін қалыптастырып, оны бірге жүзеге асыруға қауқарсыздығын паш етті.
Аналитик Клифф Купчанның түсіндіруінше, мұның себебі сол – орташа державаларды бір ортақ идеология біріктірмейді.
"Олардың идеологиялық жақындығы жоқ. Бұл оларға сыртқы саясатта қатаң қалыпқа қамалмай, икемді қимылдауға мүмкіндік береді. Бұл олардың халықаралық істердегі жиынтықты ықпалын арттырады. Өйткені олар америкалық-қытайлық бәсекелестік пен бақталастыққа жанама ықпал етудің тетіктеріне ие. Қос супердержаваның әрқайсысы осы алтылықты өз жағына тартқысы келеді. Жағыну үшін жылы-жұмсағын солардың аузына тосады. Мысалы, Үндістан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше болды. Сонымен қатар Үндістан Қытайды құрықтау жолында АҚШ құрған "Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Төртжақты диалогқа" да кірді. Енді екеуінен де инвестиция тартуда. Содан бері Нью-Делидің қуаты мен ықпалы күрт өсті. Әйтпесе бұрын Үндістан бейтараптылықты ұстанатын", – деді Eurasia Group төрағасы.
Басқаша айтқанда, қос түйе сүйкенсе, арасында шыбынның өлуі міндетті емес. Оңтүстік Африка мен Индонезия да АҚШ пен Қытайдың текетіресінен табыс табуда. Климаттың жылынуымен күрес саласында, жаһандық Just Energy Transition Partners аясында алпауыттар креативті шешімдер іздеуге бөлген мол қаржы ең алдымен дәл осы екі елге тиді. Бұл бағдарламаның нәтижелері әзірге белгісіз.
Зеленскийдің жаһандық оңтүстіктегі алтылық бағытында зыр жүгіруінің себебі бар. Түркиядан басқа 5 ел Украинаға қандай да бір қолдау көрсетуден ат-тонын ала қашты. Олар БҰҰ төрінде өз ұстанымын білдіріп, Ресей-Украина соғысын өздеріне қатысы жоқ еуропалық шекаралық кикілжің деп бағалады. Украина Президентінің мұраты – бұл соғыстың бүкіл жаһанға, әрбір өңірге теріс ықпалы барын, бұдан осы елдердің ұлттық мүдделеріне зардап келетінін түсіндіру, тиісінше, олардан жауды тойтаруға кез келген көмек алу болмақ. Соғыс көптеген ел экономикасының төмендеуіне, ұлттық валюталардың құнсыздануына, сыртқы қарыздың өсуіне әсер етті, азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетикалық қауіпсіздігіне және басқасына нұқсан келтірді.
Оның үстіне алты ел де Ресейге санкцияларды айналып өтуге азды-көпті көмектеседі. Салдарынан, қатаң санкция астындағы РФ экономикасы құлдырау орнына, биыл 0,7% өседі деп болжанып отыр. Орташа державалар Ресейге санкция қысымын кемітуге көмектесті және соны ары қарай жалғастыруда. Бұған да тосқауыл қою маңызды.
Владимир Зеленскийдің мақсатына қаншалықты жеткені не жетпегені алдағы уақытта белгілі болуға тиіс.