Жаңалықтар

"Отыз адамға жұмыс істеу мүмкін емес": Қостанайда тойхана иелері бас көтерді

"Отыз адамға жұмыс істеу мүмкін емес": Қостанайда тойхана иелері бас көтерді

Қостанайда кәсіпкерлер бас санитардың қаулысына қарсылық білдіріп, қалалық әкімдік алдына жиналды. Наразы топ шектеу шараларына өзгеріс енгізуді талап етуде. Қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына келетіндер саны отыздан аспау керек. Ал рестораторлар кем дегенде 100 адамға рұқсат беруді сұрайды деп хабарлайды  Newsroom +  тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап.  width= Көрнекі фото: pixabay.com Өңірлік жедел штабтың шемімімен мамырдың жиырма бесінен бастап облыстағы асхана, дәмхана, тойханаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда келушілер саны отыздан аспауы тиіс. Одан көп адам келсе тойхана иесіне әкімшілік іс қозғалады. Қалың кәсіпкер осыған наразы.
"Бізге жоқ дегенде 100 адамға рұқсат берсе. Қазіргі таңда 30 адамға рұқсат. Отыз адамға жұмыс істеу мүмкін емес. Отыз адамға істесек біз шығынды ақтай алмаймыз", - дейді кәсіпкер Нұрмахан Сопбеков.
Тағы бір кәсіпкер Айнгүл Исахметова қызметкерлері күнде хабарласып жұмысқа қашан шығатындарын сұрайтындарын, күн көру мәселесі штаттағы адамдарға қиын болып жатқанын айтады. Тіпті, бір-екі тазылықшы әйел кісі бір жерге жүк тиеуші болып жұмысқа тұрғанын жеткізді. Мәскеуде аспаз курсын тәмамдап, талай мейрамханада тамақ әзірлеген Наталья Нұржанова да ақша табу үшін асхана жағалап кеткенін атап өтті. Екі баланың анасы тойханалар ашылмаса күн көрісінің қиындайтынына алаңдайды.
"Ақша жоқ. Қалай күн көретінімізді білмейміз. Қырық екі мың 500 тенгені бір рет ғана алдым. Тезірек тойханалардың ашылуын күтіп отырмыз", - дейді ол.
Телеарнаның мәліметінше, қаладағы тойханалардың көбісінде бірнеше залы бар. Олардың кіретін есігі бөлек, тек ас бөлмесі ортақ. Тойхана иелері тым болмаса әр залға отыз адамнан отырғызуға рұқсат сұрайды. Әкімдіктің алдына жиналғандарды сабырға шақыруға әкімнің орынбасары шықты. Шенеунік шектеу шаралары мен карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады деген ескертумен шектелген.
"Туған күн, еске алу астары, түлектер кеші жалпы көп адам жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынған. Бұл шешімді біз қабылдамаймыз. Бас санитар рұқсат берсе жұмыс істей беріңіздер", - дейді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Андрей Финк.
Өңірдің бас сантиарлық дәрігерін жұмыс орнына іздеп барған кәсіпкерлер қаулыны қайта қарастыруға арыз жазған. Тойхана иелері карантин талаптарын толық орындауға дайын. Тіпті тойға келетін көпшіліктің қызуын тексеретін арнайы құрылғы, антисептикалық қажеттіліктерді түгел орнатамыз деп отыр. Талаптары біреу ғана: 100-150 адамға рұқсат берсе дейді.