Жаңалықтар

Жемқорлық, маскүнемдік, былық: астаналық вокзал неге жұрттың наразылығын туғызуда?

Жемқорлық, маскүнемдік, былық: астаналық вокзал неге жұрттың наразылығын туғызуда?

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қоғамда көтерілген резонанс пен жанжалдан кейін, Астананың теміржол вокзалын тексеруге ұйғарды, деп хабарлайды newsroom.kz. Соңғы кездері құзырлы органдар тарапынан да, бизнес пен халық тарапынан да ұлттық теміржол компаниясының атына қатты сын айтылуда. Оның қызметін тексерген антимонополиялық орган соның қорытындысында тосын мәлімдеме жасап отыр: ҚТЖ және оның ымыралас ұйымдары бірқатар қызметтерді заңсыз көрсетіп келіпті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылы "жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту, өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу бөлігінде" "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ компаниялар тобының қызметіне мониторинг жүргізді. Мониторинг аясында топқа кіретін 42 ұйымның 424 қызметі тексерілді.
"Тексеріс көрсеткендей, ҚТЖ мен оның аффилирленген компанияларының 424 қызмет түрінің 81-і агенттіктің келісімінсіз жүзеге асырылып келгені әшкереленді. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін агенттік ҚТЖ және оның компанияларына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормаларын бұзуды тоқтату туралы 19 ұйғарым шығарды. Атап айтқанда, ҚТЖ, "Кедентранссервис" АҚ, "Әскерилендірілген теміржол күзеті" ЖШС, "Қазақстанның көлік холдингі" ЖШС, "KTZ Express" АҚ, "KTZ EXPRESS SHIPPING" ЖШС, "Теміржолсу" АҚ, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС, "ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері" ЖШС, "Порт Құрық" ЖШС келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруды тоқтатуы шарт. Бұдан ары олар аталған қызметтерді белгіленген тәртіппен келісімнен өткізуге тиіс", – деп мәлімдеді антимонополиялық орган.
Отандық бизнес болса, олардың өз өнімдерін шетелге экспорттау және ел ішінде тасымалдау мүмкіндіктерін шектегеніне және қытайлық жүктердің транзитіне басымдық берілетініне қатысты шағымданып жүр. Қарапайым қазақстандықтар соңғы кездері пойыздардың жиі кешіге беретінін сынап жатыр.

"Кабинетінде ішімдік ішіп, қыздарды мазалайды"

Енді осылардың бәріне тағы бір даулы жайт "жамалды". Instagram әлеуметтік желісіндегі елордалық пабликтердің бірінде астаналық теміржол вокзалы басшылығының лайықсыз тірлігіне қатысты шағым жарияланды. Онда арыз иесі құқық қорғау органдарының назарын "Астана вокзалы басшылығының, директордың вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасарының шектен шыққан арсыз әрекетіне" аударғысы келетінін жеткізді. Сол тұлғалар "қызметтерді жеткізушілерден заңсыз ақша алып, өз лауазымын асыра пайдаланған-мыс".
"Директордың магистральды желілердің вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызмет жеткізушілерден ақша жинайды. Бұл ретте оның қоластындағы жұмыскерлер жеткізуші орнына соның жұмысын орындайды, ал қаражатты ол өз қалтасына салады. Мысалы, 2022 жылы өрт сигнализациясына қызмет көрсету осылай жүргізілді. Барлық жұмысты вокзалдың инженері мен электромеханигі орындады. Жұмысқа қабылдау туыстық, таныстық қатынастар немесе ақшалай негізінде жүзеге асырылады. Мәселен, ол вокзал бастығымен бірге кезекші болып қызметке тұрған жас жігітті 500 мың теңгеге инженерге дейін өсірді. Бірақ артынша қомақтырақ ұсыныс түскенде, әлгі жігітті еш түсіндірусіз техникке дейін түсіріп тастады. Енді одан мүлдем құтылғысы келеді", – деп шағымданады атын жасырып қалған арыз иесі.
Әлеуметтік желіде жарияланған арыз хатта "вокзал сантехнигі лауазымы 600 мың теңге тұратыны" айтылған.
"Басшылар өздерімен үнемі табыс бөлісетіндерді қанатының астына алып, қамқорлық жасайды. Мысалы, вокзал электригі өткір затты оңды-солды сілтеп, әріптесін жаралады. Бұл қылығы үшін оны жұмысынан қуған жоқ. Өйткені ол директордың орынбасарына жақын адам. Егер өзге жұмыскерлер қажет болмай қалса, ол оларды қыспаққа ала бастайды. "Сен бұл жерде жұмыс істемейсің!" деп ашық айтады. Оның өз кабинетінде ішімдік ішетін, қыз-келіншектерге қырындай бастайтын кездері жетерлік. Жұмысынан айрылудан қорқып, жұмыскерлер қарсы шыға алмайды", – деп жазады арыз иесі.
Егер бұл шындық болса, онда Астана вокзалында еңбек саласында ауыр атмосфера орнаған сияқты. Елордалық теміржол қақпасы жұмыскерлерінің құқықтары аяққа тапталып, әділетсіздікке тап болғандай. Мұның шын әлде жала екенін, анық-қанығын енді ҚТЖ анықтайды. Бірнеше журналист ұлттық компаниядан түсініктеме сұратты.
"Әлеуметтік желіде сөз болып отырған фактілер бойынша жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ "Магистральдық желі дирекциясы" – "Ақмола магистральдық желі филиалын" тексеретін болады. Осыған байланысты барлық ақпарат сол тексеру қорытындысы бойынша қосымша ұсынылатын болады", – деп мәлімдеді "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы.
"Астана қаласының теміржол вокзалының басшылары кім және олардың табысы қандай" деген BaigeNews.kz редакциясының сауалына да "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының өкілдері жауап бермеді. Сөйтіп, журналистер де, жұртшылық та қаумалаған сауалдардың астында қалды.

Астаналық вокзалдан неге адамдардың жүрегі айныды?

Қалай болғанда, Астанада отырған билік ең құрыса, астаналықтарды естімесе, басқасы не болады? Елордалықтардың бас қала вокзалына тағатын сыны белгілі. Шыны сол, елордалық темір жол қақпасы астаналық атына заты сай емес. Астанаға сапарлап келген шетелдік туристер, өз азаматтарымыз ары қарай Бурабайға, Щучинск курорттық аймағына, Баянауылға және басқа өңірлерге теміржол көлігі арқылы аттанады. Бірақ қала тұрғындары оларға вокзалды көрсетуге ұялады. Кешіге беретін пойыздар, көнерген вагондар, тозығы жеткен вокзал, ондағы "кемірілген" креслолар және басқасы көңілді жабырқатады. Қынжылтатыны сол, басқа түгіл, астаналық вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалуы мұң. Ал көптеген пойыздар мен электричкалар екінші және үшінші жолдарға тоқтайды, жолаушылар оларға үшінші қабаттағы конкорс арқылы ғана өте алады. Бұл ретте лифт пен эскалаторлардың істен шығатын кезі сирек емес.
"Астананың ескі вокзалының және оның жанындағы территорияның қазіргі жай-күйі еш сын көтермейді. Кейінгі кезде вокзалдың айналасы қолқаны қабатын иіске бөгіп тұратын болды. Жолдары ойқы-шойқы, қыш тақтайшалары сынған, қырлы кеспесі (брусчатка) мүжілген. Вокзалдың іші антисанитария. Дәретханасына бас сұғудың өзі жиіркенішті, оның иісі дәлізден, алыстан мүңкіп тұрады. Жердің түбіндегі бір станция сияқты. Вокзалды елорда мәртебесі сай келтірсе дұрыс", – дейді елода тұрғыны Жұлдыз.
"Бір жылдан астам уақыттан бері эскалаторлар жұмыс істемеді. Жолаушыларға үшінші қабаттан ауыр шабадандарын қолмен тасуға тура келді. Бүкіл мамыр айы бойы пойыздар үнемі кешігумен болды. Күту залдары жолаушыларға лық толды. Отырып, тынығатын жер қалмады. Қапырықтан тыныс алу қиынға түсті. Мысалы, "Байтерек Астана-Алматы" пойызы 40 минуттан бірнеше сағатқа дейін кешікті. Астаналық вокзал деп аталады, бірақ әлдебір деревняда тұрған сияқты сезім қалыптасады. Шыға берісте есікті күзетіп, алдыңды орайтын таксишілердің қылығы бір төбе. ҚТЖ олардан арылуға бірнеше жыл бұрын уәде бергендей еді, баяғы жартас сол жартас қалды", – дейді Астана тұрғыны Алена.
"Жемқорлық жайлаған жерді былық жайлайды. Жұмысшыларды бармақ басты, көз қыстымен жолмен алатын болса, жақсы электрикке, мамандарға қалай жариды? Эскалаторларының жиі бұзылып тұратыны да содан болар? Пойыздарының кешіге беруіне де жақсы кадрлардың шеттетілуі ықпал етуі мүмкін. Бастықтары қара басының қамын ғана ойласа, жолаушылардың жайын қайдан ойласын?", – деп қаптаған сауалын ортаға тастады астаналық Владислав Кравченко. Оның дерегінше, былтырғы қарашадан бері көптеген транзиттік пойыздар ескі вокзалға аялдауын доғарды. Бұл жолаушыларға да, бизнеске де қиындық әкеліпті. Ол "Жаңа Қазақстанның жемқорлықпен күресте ескі көзбояушылыққа оралғанына" қынжылды. Гүлнәр Ескендірова есімді әлеуметтік желіні пайдаланушы басқа бір деректің шетін шығарды. "Өйткені ресейліктер теміржолдағы қозғалысқа жауапты құрылымдардың акционерлеріне айналды. Оларға мұның бәрін кім сатқан? Депутаттар қайда қарап отыр? Қолына биыл мол құзыр берілген Парламент мұны қадағалауы керек. Барлығы жайрап қалғанда кеш болады. Билікте бірінің артын бірі жабу жалғасуда. Проблеманы шешкісі келмейді, бір біріне сырғытады. ҚТЖ ешкімге бағынбайды ма сонда?", – деді Ескендірова. Жалпы, теміржолдағы құрылымдарды ресейліктердің иеленгені туралы ақпаратты тексеру мүмкін болмады. Көптеген жайт коммерциялық құпиямен бүркемеленген. Дегенмен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының тобында шетелдік компаниялар барын меңзеді.
"Ведомство "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ компаниялар тобының қызметіне мониторинг аясында оның 14 компаниясын тексеріспен қамтымады. Себебі, соның ішінде 7 компания – Қазақстанның резиденттері емес, тағы 7 компания – акциялардың, қатысу үлестерінің 50%-дан аз үлесі ғана ҚТЖ-ға тиесілі бірлескен кәсіпорындар", – деп мәлім етті антипонополиялық орган.