Жаңалықтар

Шетелден әкелінген көліктерді 1 шілдеге дейін тіркеуге болады

Шетелден әкелінген көліктерді 1 шілдеге дейін тіркеуге болады

Бастысы, өтінішті сол күнге дейін беріп үлгеру қажет, деп хабарлайды newsroom.kz.

Үкімет Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру туралы қаулыға өзгеріс енгізбек. Бұл туралы АшықНҚА порталында жарияланған қаулы жобасынан белгілі болды.

Құжатқа сүйенсек, азаматтарға заңдастыру шарттары туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, көптеген автомобильдер бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылмағаны үшін немесе тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулар мен шектеулерге байланысты заңдастырудан өтпеген.

Мәселен, заңдастыру туралы 8 маусымға дейін 365 мыңнан астам өтініш түскенімен, тек 144 320 көлік бастапқы тіркеуден өткен. Тағы 14 мыңнан астам автомобиль нөмірлік тексеруден өтіп, тіркеудін күтіп тұр.

«Осыған байланысты, егер тиісті өтініштер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін берілген болса, азаматтарға автомобильдерді кейіннен заңдастыру мүмкіндігі беріледі», – деп жазылған жобада.

Құжат 23 маусымға дейін көпшілік талқысына ұсынылған.

Айта кетейік, қазақстандықтар 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктерді eGov порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисінде электронды өтініш беру арқылы заңдастыра алады. Өтініш бойынша B (жеңіл автомобильдер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көлік құралдарының мынадай талаптарға сәйкестігі тексеріледі:

  • елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінгені;
  • қылмыстық белгілердің болмауы;
  • кедендік тазартудың болуы.

Жаңа сервисті eGov порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Сервис eGov Mobile қосымшасының «Жүргізу және көлік» бөлімінде қолжетімді.