Биыл мамыр айының соңында елдегі инфляция 0,9 пайыздық тармаққа баяулап (сәуірде 16,8%) 15,9%-ды құрады. Бұл ретте индикатор тым жоғары деңгейде. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары бір жылда 16,5% (биыл сәуірде — 17,9%), азық-түлік емес тауарлар — 17,2% (сәуірде — 18,2%), ақылы қызметтер — 13,5% қымбаттады (сәуірде — 13,7%), деп хабарлайды
newsroom.kz.
Жылдық инфляция деңгейіне ең көп үлесті азық-түлік және алкогольсіз сусындар (6,8 п. т.), тұрғын үй қызметтері (1,9 п. т.), киім және аяқ киім (1,5 п. т.), сондай-ақ басқа да әртүрлі тауарлар мен қызметтер (1,4 п. т.) қосқан. Үлес деп инфляцияның жалпы құнына көрсеткіштің пайыздық өзгеруі айтылады.
Еске салайық, осы ғасырдағы инфляцияның ең жоғары деңгейі 2023 жылғы ақпанда (21,3%) тіркелді, одан кейін қымбатшылық біртіндеп төмендеді. Жалпы, инфляция 2021 жылы карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан кейін және елде, сондай-ақ бүкіл әлемде сұраныстың қалпына келіп, тұтынудың қарқынды өскен кезінде жеделдей бастады. Алайда, инфляцияның тым қарқынды өсуі 2022 жылдың наурыз айында Украинадағы соғыс басталғаннан кейін болды. Одан кейін инфляция бірден 8,7%-дан 12%-ға көтерілді, содан кейін биыл ақпан айында тым жоғары көрсеткішке жетті.
Мұндай жағдайда жауапты органдардың инфляцияға қарсы әрекеті ең маңызды фактор. Биыл сәуір айында өткен үкімет отырысында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы инфляция монетарлық сипатқа ие, сондықтан Ұлттық банк оның мәселелерін шешуге толық қатысуы керектігін атап өтті. Ұлттық банк пен үкімет үшін инфляцияны бақылау міндеті бірінші кезектегі міндет.
Еске салайық, дәл ҚР Ұлттық банкі ақша-несиелік реттеуге және қабылданған шешімдердің салдарларына, соның ішінде инфляцияның өсуіне жауапты. Дегенмен, реттеушінің әрекетінің тиімділігі күмәнді. ҚР Ұлттық банкінің стратегиялық жоспарын іске асыру туралы есебіне сәйкес, инфляция деңгейі 2022 жылдың аяғында 20,3%-ды құрады, мақсатты көрсеткіш 16%–18% (бұның өзі қарапайым қазақстандықтар үшін өте жоғары). Сонымен қатар, бұл дәліздің өзі барлық келеңсіз жағдайларды ескере отырып, 2022 жылы қойылды. Егер базалық мақсатты алсақ, онда көрсеткіш әлдеқайда төмен деп көрсетілді. Экономиканың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында бастапқыда инфляцияның мақсатты көрсеткіштері былай белгіленді:
- 2021-2022 жылдарға — 4%–6%;
- 2023-2024 жылдарға — 4%-5%;
- 2025 жылдан бастап — 3%-4%.
Дәл осы көрсеткіштер қаржы реттеушісінің іс-әрекеті үшін нұсқаулық, бірақ жағдай қазір тіпті басқаша. ҚР Ұлттық банкінің жаңартылған стратегиялық жоспарына сәйкес 2023 жылға арналған инфляцияның мақсатты деңгейі 7,5%-9,5% құрайды. Қазіргі жағдайды ескере отырып, бұл мақсатқа қол жеткізу ықтималдығы да күмән тудырады.
Еске салайық, 2015 жылдан бастап ҚР Ұлттық банкі теңгенің құбылмалы бағамы бар инфляциялық таргеттеу режимінде ақша-несие саясатын жүргізіп келеді. Инфляциялық таргеттеу — баға тұрақтылығы түпкілікті мақсат саналатын ақша-несие саясаты.
Инфляциялық таргеттеу режимінде маңызды рөлді базалық мөлшерлеме атқарады, соның арқасында орталық банк нарықтық мқлшерлемеге, тиісінше, тұтыну, жинақтау, инвестициялау, соңында инфляциялық процестерге ықпал етеді. Бұл қалай жұмыс істейді? Базалық мөлшерлеменің жоғарылауымен несиелер бойынша да, депозиттер бойынша да пайыздық мөлшерлеме өседі. Сәйкесінше, депозиттердің тартымдылығы артып, несиелендірудің тартымдылығы төмендейді. Ал базалық мөлшерлеме төмендегенде, керісінше болады: қаражатты қарызға алу тиімдірек, ал оны үнемдеу тиімсіздеу болып қалады. Тұтыну, өндірістік және инвестициялық белсенділіктің өзгеруі экономикадағы жиынтық сұранысқа әсер етеді, бұл өз кезегінде тұтыну бағасының динамикасына әсер етеді.
2021 жылдың шілдесінен бастап инфляцияға жауап ретінде ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтеруді бастады. Сонымен қатар, сол жылдың екінші жартыжылдығында және 2022 жылдың алғашқы айларында инфляция тұрақты өсу белгілерінсіз 8,4%-дан 8,9%-ға дейін өзгерді, яғни бірде өсті, бірде төмендеді. Осыған қарамастан, ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтеруді жалғастырды: мысалы, 2021 жылғы шілдеде базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін, содан кейін 9,5%-ға дейін, артынша қатарынан екі мерзім 9,75%-ды құрады, ал 2022 жылдың басында мөлшерлеме 10,25%-ға дейін көтерілді. 2022 жылдың соңында мөлшерлеме көтерілуін жалғастырды және жыл соңына қарай соңғы жылдардағы рекордтық 16,75%-ға жетті. Қазіргі уақытта, жарты жыл бойы инфляция ақпан айында айтылған рекордтық деңгейге жетіп, кейін төмендегеніне қарамастан, базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде қалып отыр. Бұл жағдайда ҚР Ұлттық банкінің шешім қабылдау логикасы түсініксіз және сұрақтар тудырады.
Көрші Ресейге қарасаңыз, ондағы жағдай айтарлықтай басқаша болады. РФ Орталық банкінің әрекеттері елдің санкциялар астында және бірқатар өте күрделі проблемалар бар екенін ескерсек, айтарлықтай тиімді.
Жағдайды тұрақтандыру үшін РФ Орталық банкі 2022 жылдың ақпанында базалық мөлшерлемені 8,5%-дан рекордтық 20%-ға дейін көтерді. Наурызда мөлшерлеме өзгеріссіз қалды. Өз кезегінде инфляция ақпаннан наурызға дейін бірден 9,15%-дан 16,69%-ға көтерілді. Сол жылдың сәуір айында базалық мөлшерлеме 17%-ға дейін төмендетілді, инфляция 17,83%-ға дейін өсті. Одан әрі РФ Орталық банкі мөлшерлемені төмендетуді жалғастырды және онымен бірге елдегі инфляция деңгейі де төмендеді. Осылайша, 2022 жылдың қыркүйегінде базалық мөлшерлеме 7,5%-ға дейін төмендетілді және әзірге ол өзгеріссіз. Өз кезегінде инфляция төмендеуін жалғастырды және 2023 жылдың наурызында 3,51%-ды құрады, бұл мақсатты мәннен (4%) төмен, ал сәуірде ол 2,31%-ға дейін төмендеді. Төменде базалық мөлшерлеме мен инфляцияның динамикасы нақтырақ берілген.
Сонымен қатар, Қазақстандағы инфляция деңгейі бүгінде Азия мен Еуропа елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін атап өткен жөн. Мәселен, соңғы қолда бар деректерге сәйкес, ҚР-да инфляция 15,9%-ды құраса, Әзірбайжанда бұл көрсеткіш 13,5%, Өзбекстанда — 11%, Қырғызстанда — 10,7%, Беларусьте — 4,7%, Ресейде — 2,3%, Грузия мен Арменияда — сәйкесінше 1,5% және 1,3%.
Еуропа мен Азиядағы 92 елдің ішінде Қазақстан инфляция деңгейі ең нашар 15 мемлекеттің қатарына енді.
Тағы бір мәселе. Базалық мөлшерлеменің көмегімен ҚР Ұлттық банкі халықтың тұтынушылық, жинақтау, инвестициялық мінез-құлқына әсер етеді. Яғни, теориялық тұрғыдан базалық мөлшерлеменің өсуі тұтынушылық сұранысты төмендетеді, бұл инфляцияға оң әсер етуі керек.
Алайда, ҚР ҰБ шешім қабылдау логикасы түсініксіз болып қала беретіндіктен, инфляцияға нақты әсер ету байқалмады. Реттеуші қабылдаған шешімдерге қарамастан, Қазақстандағы инфляция «бөлек өмірп сүреді». Мұны реттеуші теориялық тұрғыдан ескеруі керек болатын жаһандық күйзелістерге жатқызуға болады.
Тіпті тұтынушылық сұраныс деңгейінде де реттеушінің әрекетінің тиімділігі байқалмайды. Жоғарыда айтылғандай, ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 2022 жылдың жоғары көрсеткіштерін айтпағанда, 2021 жылдан бастап көтере бастады. Осыған қарамастан, ҚР ЕДБ депозиттері белгілі бір кезеңдерде өскен жоқ, тіпті төмендеді: мысалы, 2022 жылғы наурыздан мамырға дейін, сондай-ақ биыл қаңтар-ақпан айларында. Бұл арада экономикаға берілген несиелер бәсеңдетпейтін тұрақты өсуді көрсетеді. Осылайша, мөлшерлеменің көтерілуі халықтың тұтынушылық сұранысын төмендеткен жоқ, тек енді қазақстандықтардың алған несиелерін төлеу қиындай түседі, басқа ештеңе емес.