Дәл қазір Бакуде әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық құраманың шама-шарқын байқап отырмын. Әзірге жүлде жоқ. 3 мәрте спортшыларымыз ширек финалға жетіп, жарыс жолынан шығып қалды. Яғни, 3 мәрте жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Қалғандары алғашқы айналымдардан ұшып жатыр. Бұл енді қазір нақты көзге көрініп тұрғаны. Ал, отандық таэквондоның түйіткілі әлдейқайда тереңде және іріп-шіру жағынан басқа спорттардан артық болмаса, кем емес.
Бірінші себеп – басшылығы. Кейінгі жылдары федерацияға кімдер келгенін білмеймін. Бірақ, білгендерін істеп жатқаны белгілі. Мысалы, биыл Қазақстан чемпионаты өткен жоқ. Яғни, күнтізбеде тұрған және өтуі міндетті жарысты сызып тастады. Былай қарасаң, жылдың басты жарысы. Сол жерде ел үздіктері анықталып, қазір әлем чемпионатында солар ел намысын қорғауы керек еді. Іріктеу болған жоқ.
Ұлттық құрамада кімдер жүр? Тағы да білмейміз. Әйтеуір, бір топ қыз-жігітті жинап ап, анда да, мында да сүйрейді. Бюджеттің ақшасына қалаған жерінде жаттығады, қалаған жарысына қатысады. Таңдаулылар. Ал, таңдалмай қалғандар, яғни, ашық және әділ іріктеуге қатыса алмай, қатысайын дегенде жолдары жабылғандар қазір спорттан кетіп жатыр. Көңілдері қалды, қолдарын сілтеді. Кім біледі, араларында бәлкім әлем үздіктері жүрген шығар? Олардың жолын неге жапты? Жалпы жабуға қандай қақылары бар?
Бас бапкер кім? Тағы да оған қатысты шағым көп. Оны министрлік те, комитет те, дирекция да ала алмайды. Не деген құдіретті адамдар өзі?! Федерация мемлекеттен ақша алады. Бірақ, мемлекет бапкерді ауыстыруға қатысты тапсырма берсе, орындамайды.
Вообщым, өзіне керегін істейді, керек емесін істемейді.
1 қола ғана ма? Әлем чемпионаты алдында федерация 1 қола әкелуге уәде берді. Яғни, жауапкершілікті минималды алып тұр. Иә, бір қола болуы мүмкін. Болсын. Бірақ, соған қашанғы жұбанып жүреміз? Қазақ даласында лайықты жігіттер жоқ па? Мұстафа Өзтүріктің шәкірттері қайда? Салып кеткен жолы қайда? Бір емес, бірнеше алтын әкелуге болады ғой. Осы спортқа бокс, дзюдо, күрес сияқты кәдімгідей басымдық беріледі. Қыруар қаржы бөлінеді. Сәйкесінше, нәтиже де күтіледі. Жоқ. Похрен.
Әлем чемпионатынан кейін бәрінің басын қосып, ашық жиналыс өткізу керек. Федерация басшылығы есеп берсін. Әр теңгенің қайда жұмсалғанын айтсын. Ол жиын жұрттың назарында болсын. Тығылып ап, қазанның бетін жаба салмаңдар. Жүйеде біраз олқылық бар. Ал, олимпиада ойындарына бір жыл ғана қалды. Срошно реттеу керек..., деп newsroom.kz хабарлайды Аслан Қаженовтың фейсбук парақшасына сілтеме жасап.