Рамазан айындағы соңғы сәттер. Рамазаннан кейінгі уақыт
Рамазан айындағы соңғы сәттер. Рамазаннан кейінгі уақыт
Рамазан айындағы соңғы сәттер
Бұл күні барлық мүсылмандарды қуаныш сезімдері қоршап алады. Өйткені, оларға Алла Тағала осы қасиетті Рамазан айының оразасын ұстауды нәсіп етті. Амандықпен айтқа жеткізді, барша мұсылмандар ерекше қуаныш-шаттыққа бөленеді. Айта кетер жайт, осы кезде шынайы мұсылман адамда көптеген қорқыныштан туындайтын сұрақтар пайда болады. Олар: Алла Тағала менің ұстаған оразамды қабыл қылды ма? Мен оразаны дұрыс ұстадым ба? Рамазанның ақысын бердім бе? Менің күнәларым кешірілді ме? Тозақтан құтылдым ба? Маған Қадір түнінің сауабы бұйырды ма екен? Әлбетте, бұл сұрақтар ақирет қамын ойлаған, Раббысына адал, шынайы мұсылманды ғана мазалайды. Бұл кезде үлкен үміт отын жағатын сезімдер де пайда болады. Өйткені, Алла Тағала ораза ұстаушылардың сауабын тек қана Өзім беремін деп уәде еткен. Рамазан айында шайтандарды кісендеп қойып, жұмақтың есіктерін айқара ашып, тозақтың есіктерін жауып қойды. Рамазан оразасын ұстаған, тарауих намазын оқыған адамдардың күнәларын кешіретінін де және Өз кітабында ашық айтқан. Ертең ұлы «Айт» мерекесі деген күнге де жетеміз, инша Алла.Рамазаннан кейінгі уақыт
Қасиетті Рамазаннан қаншалықты пайда алғанымызды білесіз бе? Рамазандағы құлшылықтарымыз қабыл болды ма, болмады ма? Оны қалай білеміз? Әрине, ол тек Аллаға белгілі. Рамазандағы құлшылықтарымыздың қабыл болғанын, Рамазаннан пайда алғанымыздың белгілері мыналар: Рамазаннан кейін де құлшылықты жалғастыру; Жүрегімізде, өмірімізде тақуалыққа қол жеткізу, егер Рамазаннан кейін тақуа бола алмасақ, Рамазаннан еш пайда көрмедік деген сөз, өйткені, Алла Тағала :«Әй, иман келтіргендер! Бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183–аят) деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстап, кейін Шәууәл айынан алты күн ораза ұстауды жалғастарса, оған бір жыл ораза ұстағанның сауабы жазылады». Одан кейін де әртүрлі құлшылықтарды, нәпіл істерді жоғарыда көрсетілген сауапты істерді әрдайым тастамай істеуге тырысыңыз. Алла Тағала Рамазанның әр күнінде қаншама құлдарын тозақтан босатты. Алланың кешірімі шексіз кең. Бірақ, Алла Тағала барлық құлдарды тозақтан құтқара ма? Әрине жоқ, олай емес, бұл ақылға да сыймайды, шариғатта оны қабылдамайды. Бұл айда Алланың тозақтан құтқаратын адамдары – олар тек содан құтылуға асыққандар, тырысқандар, амал еткендер ғана. Ол ұлы бақыт барлық адамға емес, қана Алланың жолындағы адамдарға ғана нәсіп етеді. Олар қанша шаршаса да барлық ауырлық, қиындықтардан өтеді, инша Алла, сауабы қалады, ақирет күні соның нәтижесін көреді.