Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 маусым, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Діннен хабары жоқ»: Хиджаб киген блогер Динара Сәтжанның елді шулатқан мәлімдемесіне жауап берді

«Діннен хабары жоқ»: Хиджаб киген блогер Динара Сәтжанның елді шулатқан мәлімдемесіне жауап берді

«Діннен хабары жоқ»: Хиджаб киген блогер Динара Сәтжанның елді шулатқан мәлімдемесіне жауап берді
ашық дереккөзі
Таяуда танымал журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан жаппай тұмшаланған блогерлердің орамал таққаны үшін қомақты қаржы алатыны жайлы жеке парақшасына жазба жариялаған еді. Оның аталған посты Қазнетте қызу талқыға түсті. Дәл сол даулы ақпарат желіде миллиондаған аудиториясы қалыптасқан хиджабтағы қыз-келіншектердің де құлағына жетіп, ашуын тудырған. Бұл туралы newsroom.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тұмшаланған әйелдер жайлы ғаламторды дүрліктірген жазбаны хиджабтағы блогер Ақмарал Елшін де оқыпты. Оның дінге бет бұрып, орамалға келгеніне жарты жылдан асқан екен. Instagram-да 858 мың оқырманы бар ол Динара Сәтжанның елді шулатқан мәлімдемесіне жауап берді.
«Әрине, хиджаб кигендерге ешқандай қаржы берілмейді. Мен өзімді және өз ортамды айтып жатырмын. Динара Сәтжан дұрыс айтып жатыр ма, теріс айтып жатыр ма, халық оған көңіл бөліп отырған жоқ. Дәл осы тақырыпты неге Динара Сәтжанның айтып жатқаны көпшілікті таңғалдыруда. Динара Сәтжан орамалда емес, қазақ тілінде де көп сөйлемейді, орыс тілді журналист. Солай танылған кісі ғой. «Басқа – басқа, Динара Сәтжан, сіз дін жолын қозғамай-ақ қойыңызшы» деп халық дүр сілкініп жатқан сияқты. Ол кісі қазақи әйелдің образында емес, діннен хабары жоқ. Сол үшін адамдар айтып жатыр, «Сіз емес, басқа орамалдағы қыздардың бірі айтса, бәлкім сол ортада жүргеннен кейін айтып жатқан шығар» деп ел ойлап жатыр. Ал Динара Сәтжан одан не алыс емес, не жақын емес. Дұрыс білмегендіктен неге ондай ақпарат таратып жатыр? Халық осыған таңғалып жатыр. Сондықтан Динара Сәтжанның пікірімен келіспейміз»,  – дейді Ақмарал Елшін.
Алайда орамал таққан блогер дін жолында адасып, ақша алған өзге қандастарымыздың барын жасырған жоқ.
«Негізі сөздің ашығы керек, қара жамылып Ауғанстанға, Сирияға аттанып жатқан қаншама қандастарымыз бар. Қазақстанда «Жусан» операциясы бар. Солай адасқан қаншама қандастарымызды, азаматтарды отанға әкеліп жатады. Ол кісілерден сұхбат алғанда: «Иә, бізге ақша берді, билет алуға қаржы төленді» деп айтады. Динара Сәтжан бәлкім соны меңзеген шығар деп ойлаймын»,  – дейді хиджабтағы блогер.
Соңғы кездері әлеуметтік желіге зер салсақ, қасы-көзі мен бетін жұрттан жасырып, орамалға бүркеніп алғандардың қарасы күрт көбейген. Тіпті алты ай бұрын хиджаб киюге бел буған блогер Ақмарал Елшіннің бұл қадамын оқырмандары дұрыс қабылдай қоймаған. Желідегілер түрлі сыни пікір жазып, қатты сынайтын көрінеді.
«Жағымсыз пікір жазатындар кездеседі. «Сенің бұрынғы күнің, яғни жап-жас боп, шашыңды жайып жүргенің күшті еді. Әлі ерте емес пе, оранып, тұмшаланып не болды? Одан кейін де кисең болады ғой, өмірің әлі алда ғой» деген сияқты сыни пікірлер жазады. Мұндай сөздерді үлкен кісілер жазады. Жас болған соң кішкене жүру керек еді деп, ол кісілер ойлайтын шығар. Мен әдейі парақшасын ақтарып қарасам, апамыз, анамыз сияқты адамдар жағымсыз сөздер жазады», – дейді Ақмарал.
Сондай-ақ орамал таққан блогер бұл сұхбатында дінге бет бұрып, хиджаб киюге асыққан жас қыздарға да өзінің ақыл-кеңесін ашық айтты. Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.