743 жылы соғылған мешіттің Әзірбайжанда екенін білесіз бе?

09 Ақпан, 2020 748 0

Шамахы қаласындағы Жұма мешітінің іргетасы 743 жылы қаланған. Әбу-Мүслім тұрғызған мешіт 743-744 жылдары соғылған. Бұл туралы 1902 жылы мешіт қабырғаларынан табылған жазулар дәлел. 

734 жылы Кавказ өңірінде бірінші рет бой көтерген Дербент мешітінен кейінгі Кавказдағы ең көне мешіттердің бірі болып саналатын Жұма мешіті – Әзірбайжан елінің мәдениет және туризм министрлігінің арнайы қорғауындағы мәдени орындардың бірі әрі бірегейі. 

2020 жылдың 9 ақпан күні Әзірбайжан елінде өтетін Парламент сайлауына бақылаушы болып келген біздерді бауырлас халық құр отырғызбай Бакуден 118 шақырым алыста жатқан Шамахы қаласына апарған еді. Жұма күнгі сапарымыз жақсы өтіп, Жұма мешітіне де барудың сәті осы сапарда түсті. Мұсылмандар үшін қасиетті күн болғандықтан, келушілер саны қалың көрінді. Тәнімізді тазартып алған соң, асықпай мешіт ішін аралап көре бастадық. 

1859 және 1902 жылдары болған жойқын жер сілкіністерінен кейін мешіт бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен. Бұл өңірде жер сілкінісі жиі болады екен. Таулы өңір болғандықтан, жергілікті халық табиғат жиі зардап шегіп жатады. Теңіз деңгейінен 800 метр шамасында биік жатқан Шамахы – Әзірбайжан мемлекетінің негізі қаланған рухани әрі тарихи қала болып есептеледі. Сондықтан да болса керек, қалаға келуді армандайтын келушілер саны баршылық. Өткен жылы 650 жылдығын атап өткен ұлы ойшыл әрі мистик Насими де Шамахы қаласында дүниеге келген.

Ал, 1870 жылы Шамахы қаласының тумасы әрі архитектор Қасым-бек Гаджыбабабеков мешітті қайта келтірумен айналысқан екен. Әлгінде ғана айтқанымыздай, 1902 жылғы жер сілкінісінен соң, Жұма мешітті қайта келтіру жұмыстары 1905-1910 жылдар жүргізілген. Бұл жұмыстың басы-қасында бакулық поляк архитекторы Йозеф Плошко жүрген. Алайда, материалдық қиыншылықтарға байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалады. Дегенмен, құрылыстың негізгі бөлігі бітеді де, орталық күмбез арнайы тапсырыспен Варшавада жасалады. Өкінішке орай, ақ тасты темір-бетонды күмбез 1918 жылғы қақтығыстар кезінде айтарлықтай зардап шегеді. 

Тағы бір жаза кететін тарихи факттің бірі – 1902 жылғы зілзаланың себебін білуге Тифлис (Тбилисден) келген инженер Шах-Кули-мирза Каджар арнайы комиссияның құрамында Шамахыға келіп, Жұма мешітін де зерттеуді ұмытпайды. Нәтижесінде, Шах-Кули мырза мешіттің іргесі қаланған жылдың 743 немесе хижра жыл санауымен 123 екенін араб жазуларынан оқып біледі. 

Жоспар бойынша Жұма мешіт квадрат түріндегі үш залға бөлінген. Әр залдың өз михрабы болған. Өнертанушы Камил Мамед-заденің пікірі бойынша, бұл орталық бөлігінде ел басқарушы адамдар құлшылық етсе, жапсарлас бөлігінде қарапайым халық пен әйелдер Құдай алдындағы парыздарын өтеген. 

КСРО кезінде мешіт ел игілігі үшін пайдаланылмаған. 1971 жылы мешіт ауласына тікелей апаратын көне портал табылған. Тек, 1980 жылы Әзірбайжан КСР І хатшысы Гейдар Әлиевтің тікелей тапсырмасымен мешіт жөндеуден өтеді. Әзірбайжан Министрлер кабинетінің 2001 жылдың 2 тамызындағы Қаулысымен Жұма мешіт ұлттық деңгейдегі мәдениет ескерткіші деп жарияланады. 

2010-2013 жылдары Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығымен Жұма мешіті күрделі жөндеуден өтіп, алғашқы нұсқасы қалпына келтіріледі. Ең қызығы - мешіттегі реставрация жұмыстары Ширвандық архитектура мектебінің үлгісінде жүргізілген.

Бұған себеп те жоқ емес, себебі, мешіт аумағында жүргізілген деректерге сүйенсек, бірнеше мәдени қабаттардан тұратын тарихи жәдігерлер табылған. Оның кейбірі VIII-X ғасырларға тиесілі екен. Ал, мақала тақырыбында жазғандай 743 жылғы құрылыс жұмысы Ширвандық архитектура мектебінің үлгісінде тұрғызылған. Мешітті ең алғашқы соққан Әбу-Мүслім Ширван мен Дербентті жаулап алған Уәли халифтің інісі болған.

2009 жылдың наурыз айында мешітке келіп, реставрация жасау туралы шешім қабылдаған Ильхам Әлиевтің сапарынан соң, жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстарында бакулық поляк архитекторы Йозеф Плошконың жобасы пайдаланылған. 2013 жылдың 17 мамырында И.Әлиевтің және Кавказ мұсылмандарының басшысы Шейхулислам Аллахшүкір Пашазаденің және Елшілік өкілдерінің қатысуымен мешіт толығымен пайдалануға берілген. 

Бүгінде мешіт мұнараларының биіктігі – 36,4 метрді құрайды. Ортаңғы залында бір уақытта 1500 адам құлшылық ете алады. 804 шаршы метрді құрайтын әкімшілік ғимараты да бүгін мешіт ауласында орналасқан. 502 шаршы метр болатын кітапхана мен асхананы да осы жерден таба аласыз. Шамахы қаласында орналасқан мешіттің қысқаша тарихы осындай. Әрбір тасы мен ғимараты тарихқа толған елден жазылған жолсапар жазбаларын біздің порталдан оқи аласыздар. 


Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Баку – Шамахы – Баку
Әзірбайжан Республикасы


Мақаланы жазу барысында, профессор Анар Искандеровтың Джума-Мечать Шамахи еңбегі пайдаланылды. 

Осы сапарды ұйымдастыруға ұйытқы болған Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетіне Алғысымызды білдіреміз.

Тегтер: әзірбайжан, баку, шамахы, мешіт, кавказ, әлем, тарих

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.