Елордада “Жасыл ел” жобасының ашылуы өтті
Елордада “Жасыл ел” жобасының ашылуы өтті
Астана қаласында Кәсіптік-техникалық колледжде «Жасыл ел» жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды newsroom.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
“Мен жастарға сенемін” деп Мағжан Жұмабаевша жырлау артықтық етпес. Қоғам бар жерде, түрлі жағдай бар. Ал қай кезде де жұмыссыздық жастардың басты проблемасы болып қала бермек. Алайда президенттің тапсырмасымен, үкіметтің қолдауымен игі шаралар оңынан шешілуде. Өйткені ертеңіміз жастар. Болашаққа бағдар болсын десек, жастардың қалыптасуына барынша қоғам болып атсалысқан дұрыс.
Мәселен 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы Республиканың барлық өңірінде және Астана қаласы бойынша жүзеге асырыла бастады.
Аталмыш бағдарлама он сегіз жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін барлық адам жұмыла жұмыс жасағаны абзал. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу. Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту.
«Бұл бағдарламаға 14 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер және 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Қатысушыларға 65 мың теңге көлемінде сыйақы төленеді. Жастар қаламыздың саябақтарында, құрылыс нысандарында, «Жасыл белдеуде» еңбек етеді», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Атымтай Бағдат.Астана қаласы «Жасыл ел» штабы Республика бойынша еңбек ету және сарбаздарды жұмыспен қамту жағынан оң нәтиже көрсетуде. Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметін, қала маңындағы «Жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмысы арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмысын жүргізетін болады. «Бүгінгі ашылу салтанатымен қатар, Кәсіптік-техникалық колледжінің аймағында ағаш отырғызу шарасы да өткізіліп отыр», – деді «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Абдурашид Асылбек. Биыл аталған жоба аясында 4200 жасөспірімдер мен жастарды қамту көзделген, олардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі. Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындары серіктес болуға келісім беріп отыр. Жобаға қатысуға өтінім қабылдау 20 мамырға дейін жүргізіледі. Мектеп оқушылары өз мектебіне жүгінуі тиіс.