Жаңалықтар

Елордада 1 мамыр халықтар бірлігі күні ерекше тойланып өтті

Елордада 1 мамыр халықтар бірлігі күні ерекше тойланып өтті

1 мамыр күні Астанада Қазақстан халқының Бірлігі күні атап өтілді. Бұл мереке халықаралық дәстүрлі түрде тойланатын мереке. Бұл отандастар арасындағы бірлікті, достықты және этносаралық келісімді білдіретін басты мерекелердің бірі. Дәстүр бойынша бұл күн ерекше атап өтіледі. Жыл сайын ерекше мән беріліп отырады. Астанада осы іс-шараның құрметіне барлық аудандағы ашық алаңдарда іс-шаралар болып өтті, деп хабарлайды newsroom.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Ең алғашқы кезекте елордадағы Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі еліміздегі тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Оған қаланың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Әр ұлт өкілдері ана тілімізде сөйлеп, отанын шын сүйетінін, қазақ тілін қадірлейтінін атап өтті. Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне,  мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Қазақ ұлтына үйленіп немесе тұрмысқа шығып, бауырлас елге де айналып жатыр. Дөңгелек үстелде осы мәселелер айрықша айтылып, өзге ұлт өкілдері жылы лебізлерін жаудырды. 1 мамыр мерекесі дәстүр бойынша салтанатты іс-шаралар елорданың ашық алаңдары мен саябақтарында ұйымдастырылып, оған барынша көп адам қатысты. Сонымен мереке қаланың шығармашылық ұжымдары мен әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар Астананың әртүрлі аудандарында – Бәйтерек монументінің алаңында, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы амфитеатрда, қалалық алаңда және Жазушылар аллеясында өткізілді.  Жиылған жұртшылықтың алдында мемлекеттік академиялық филармония әртістері мен отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті, олардың арасында Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Жігер Аупбаев, Дос, Әлішер Кәрімов, Қайрат Баекенов, Серік Ибрагимов және т.б. бар.Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер ғана емес, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар да ұйымдастырылды.
«Қазақстан халқының Бірлігі күні еліміздің біртұтас екенін, ал мемлекетіміздің өз халқына қамқор екенін көрсетеді. Бұл мереке ойын-сауық үшін ғана емес, сонымен қатар ой жүгіртіп, таразылайтын да уақыт. Менің ойымша, бұл біздің еліміз әртүрлі мәдениеттер мен ұлт өкілдерінен тұратынын және әрқайсымыз оның дамуына үлес қосатынымызды білдіретін күн», – деді «Терра» би театрының солисі Алена.
Мерекеге тек елорда тұрғындары ғана емес, қала қонақтары да көптеп қатысты.«Мен үшін Қазақстан халқының Бірлігі күні – барлық ұлт өкілдері салт-дәстүрі мен мәдениетін атап өтіп, өзін үлкен біртұтас қоғамдастықтың бөлігі ретінде сезіне алатын күн. Өзім мерекелік іс-шараларға барғанды ұнатамын, онда сіз халық әндерін тыңдап, түрлі тағамдардан дәм тата аласыз, мың бұралған билерді тамашалап, ұлттық костюмдер көре аласыз. Бұл еліміздің қаншалықты тату-тәтті өмір сүріп жатқанын білдіреді», – дейді мереке қонағы Айгүл.Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Салтанат Муксимова елорда тұрғындары үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, керемет көңіл-күй сыйлаудың маңыздылығын айрықша атап өтті.  width=
«Қала тұрғындары концертке өте белсенді қатысты. Олар қошеметтерін бүлдіріп, таңданыстарын жасырмайды. Бұл жерге «Жастар» сарайының солистері өнер көрсетті. Сонымен қатар, біздің әртістер қалалық алаңда, Бәйтерек монументі мен жаңа амфитеатрдың жанында өнер көрсетті.», – деді Салтанат Муксимова.
Бірлік пен тірлікті жарасымды ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге елді сүйсінтіп келеді. Тіпті елордамызда соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқаны байқалады. Қуанарлық жағдай. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Яғни тұратын жерінің, елінің тілін, дінін құрметтеуі. Осындай таза ниетті ұлттармен тығыз байланыс ұзағынан болғай!