Елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті
Елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті
Елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 100-ден астам адам қатысты, деп newsroom.kz хабарлады Elorda.info сайтына сілтеме жасап.
Қолайлы жұмыс табу қай кез болса да, оңай мәселе емес. Әсіресе, денсаулығында сыр бар адамдарда бұл қиынға соғады. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табу қиын-ақ. Алайда соңғы жылдары бұл олқылықтар ескеріліп, денсаулығына орай мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен өмір сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандар үкіметтен, қоғамнан, адамзаттан көмекке зәру. Алайда олар дені сау жандар сияқты еңбек еткісі келетіні түсінікті. Осы орайда Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен мүгедектігі бар жандарға арналған жәрмеңкесі болып өтті.
“Бүгінгі таңда біз өзіміздің үшінші реттік көрмемізді, мүгедектігі бар адамдарға арналған бос орындар көрмесін өткізіп жатырмыз. Алдыңғы көрмеге 180-ге жуық мүгедектігі бар адам қатысқан болатын. Бүгінгі таңда 30-ға жуық жұмыс берушілер және 100-ден астам жұмыс іздеп келуішлер күтілуде”, – деді мүгедектігі бар азаматтарды кәсіби оңалту орталығының әлеуметтік қызметкері Айдана Макышева.Іс-шараны мүгедектігі бар азаматтарды кәсіби оңалту орталығы ұйымдастырған. Мекеме 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Олар ерекше қажеттіліктері бар жандарға жұмысқа тұруға жәрдемдесіп, жарты жыл бойы сүйемелдейді. Мамандардың айтуынша, бос орындарға сұраныс көп. Жұмыс орны әр мүгедектік тобына сәйкес болуы тиіс. Бірақ кейде вакансиялар ол талаптарға сай келмейді. Сондықтан кейбір ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін бос орын табу қиын көрінеді. Бүгінгі жәрмеңкеге Еуразия ұлттық университетінде инклюзивті білім алатын студенттер де қатысты.
“Жалпы университет бойынша 134 сол категорияға жататын білім алушы бар. Соның 33-і биыл оқу бітіріп жатыр. 2 докторантурада. Қалғандары бакалавриат бойынша оқуын тәмімдап жатыр. Сондай-ақ инклюзивті қолдау қызметі оқу бітіргеннен кейін әрі қарай жұмысқа орналасуына біздің серіктер мекемелермен бірігіп меморандум жасаған”, – деді Еуразия Ұлттық университетінің жастар департаментінің директоры Жамбыл Тілепов.Мүгедектік ол тек медициналық проблема емес, ол бүкіл қоғамның проблемасы. Денсаулығының кінәраты бар жандардың өзгелермен бірдей өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне барынша қоғам болып көмек көрсеткен абзал.