Жаңалықтар

Астанада «Еңбек жолы» байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Астанада «Еңбек жолы» байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Астанада «Еңбек жолы» байқауына өтінімдер қабылдау басталды, деп newsroom.kz хабарлады Elorda.info сайтына сілтеме жасап. Аталмыш конкурс жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, еңбек адамдарының жұмысын насихаттау мақсатында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» атты номинациялары бойынша марапатталатын болады. Конкурс «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы» ұранымен еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға және өнімді еңбекті ынталандыруға ықпал етеді. Кәсіпорынның (саласына қарамастан) барлық жұмыскерлері конкурсқа қатыса алады. Конкурс 2 кезеңде өтеді: – Облыстық деңгейде «Еңбек жолы» конкурсы жеңімпаздарын іріктеу; – Республикалық деңгейде «Еңбек жолы» конкурсы жеңімпаздарын іріктеу. Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады: 1) номинация көрсетілген, еркін нысандағы конкурсқа қатысу туралы өтінім; 2) жеке куәліктің көшірмесі; 3) номинация тақырыбы бойынша 1-2 минуттан аспайтын бейнеролик (қалауы бойынша жұмыс орны және дағдылары көрсетілген); 4) конкурсант туралы (жұмысы, отбасы, қызығатын ісі, хоббиі және т.б., 1 минуттан компьютерлік презентация (Microsoft Power Point форматында); 5) еңбек әулетінің әр өкілінің немесе жұмыскердің жұмыс өтілін растайтын, жұмыс беруші куәландырған еңбек кітапшасының және өзге де құжаттардың көшірмелері/жұмыс орнынан анықтама; 6) жұмыс беруші немесе кәсіподақ берген ұсынымдық хат. Бар болса (мынадай құжаттардың көшірмелері): – мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, мадақтау қағаздарының, алғыс хаттардың көшірмелері; – біліктілікті арттыру туралы куәліктер (бар болса). Конкурсқа құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылады. Өтінімдерді қабылдау 15 шілдеге дейін жүргізіледі. Конкурс жөнінде толық ақпаратты 55-68-90, 8-700-399-66-53 («Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ) телефоны арқылы алуға болады. Мекенжайы: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 9 үй, 3-қабат, 326 кеңсе, еңбек қатынастарын бақылау бөлімі, эл.пошта: d.nasyrova@astana.kz. Сондай-ақ байқау жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталатын болады. 1 орынға – 1 млн теңге, 2 орынға – 500 мың теңге және 3 орынға – 300 мың теңге. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бері еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшыларының арасында «Еңбек Жолы» республикалық конкурсын ұйымдастыруда. Оның басты міндеті – еңбек адамдары жайлы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау.