Түркістан облысы жастарының нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы иммунитетін қалыптастыру бағытында облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында 1 айға жоспарланған іс-шаралардың ашылуы өтті, деп хабарлайды
Turkistan Today.
Ауқымды шараға облыстық Полиция департаменті, облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, адами әлеуетті дамыту басқармасы, денешынықтыру мен спорт басқармасының өкілдері мен жастар қатысты.
Жиында атап өтілгендей, 1987 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының кезекті ассамблеясында 26 маусым - «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп бекітілген.
Жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шарада сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет екенін атап өтті.
- Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитет және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығы бөлек. Нашақорлық– бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіретін індет. Мемлекет басшысы жастарды жан-жақты қолдап, сенім артып отырғанда, жастар бұл дерттің өршуіне жол бермеуі керек, - деді Бахыт Сәрсенбайұлы.
Ал Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов: "Жалпы қылмыскерлерді құрықтап, есірткіні жою біздің күнделікті күн тәртібімізде, назардан тыс қалмайды. Сол себепті есірткімен күресте жұмыла жұмыс атқарайық!" - деп атап өтті.
"Есірткіге жол жоқ!" ұранымен өткен шарада өнерпаздар жат қылықтардан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен кинолог мамандары жауынгерлік дайындықтарын, кәсіби шеберліктерін көрсетіп, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Маңызды шара сала мамандарының шеруімен қорытындыланды.
Еске сала кетсек, облыс әкімдігінің қолдауымен, Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастырумен, және басқа да ведомстволар мен Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткізілетін шара барысында балалар мен жастар арасында флешмоб және спорт түрлерінен, сурет салудан жарыстар өткізіледі. Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған балалар мен жастарға түрлі бағалы сыйлықтар табысталатын болады.
Айлық шаралар 26 маусым күні белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен өтетін жабылу салтанатында қорытындыланады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі