Журналист Данияр Есен: “Мектеп кешін тығылып тойлайтындарға заңмен тыйым салыну керек!”
Журналист Данияр Есен: “Мектеп кешін тығылып тойлайтындарға заңмен тыйым салыну керек!”
ашық дереккөзі
Орта мектепте соңғы қоңырау соғылып, мектеп кеші ұйымдастырыла бастайды. Оқушы мектеппен қоштасса, ата -ана қалтасынан қағылады. Бірінің жағдайы жетсе, бірінің жетпеуі мүмкін. Дәл осы мәселені журналист, тележүргізуші Данияр Есен көтеріп, көпшілікке үндеу жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz.
“Мектеп кешін тойлауға, мемлекеттік деңгейде заң аясында қатаң тыйым салынуы керек. Егер заңға бағынбай, қашып-пышып тойлайтын ата-аналар болса, ірі көлемде айыппұл салынуы керек. Өйткені артық шығынды көп ата-аналар көтере алмайды. Өйткені банкет зал, лимузин, тамаданы жалға алу, виньетка, аппаратураның ақшасы, фото-видео, көйлектің ақшасы көп қаражатты қажет етеді. Бір отбасыдан 70-100 мың кетуі мүмкін. Дәл қазір мұндай қаражатты тауып беретін ата-ана аз. Шамасы жеткен берер. Ал әлеуметтік жағдайы төмен, бірді-бірге жалғап жүрген отбасылар айналып келіп, кредитке ұрынады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Кредит ала алмайтын ата-аналар да бар. Баласы ата-анаға қарайды, ата-анасы жерге қарайды. Міне проблеманың бәрі осы жерден басталады. Ақша таппаған ата-ана мен бала арасына сызат түседі. Заманыға ілесе алмаған бала, психологиялық соққыға түседі. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан тойды доғару керек деп ойлаймын”,-деп жазды ол.
Ал енді қандай ұсыныңыз бар дегенге, өз ойын айта кетті.
“Менің ұсынысым, мектеп бітірушілердің кешін, мектеп асханасында тойласа жеткілікті. Фуршет форматында. Түсте. Балалардың киіміне шектеу қойылмауы қажет. Еркін киім үлгісі болуы керек. Балалар ойын ойнап, би билеп, бір-біріне тілек айтса жеткілікті. Ал сіз қалай ойлайсыз?”-деп жазды Данияр Есен.
Естеріңізге сала кетсек, әлемді жайлаған індеттің салдарынан соңғы екі жыл мектеп кештері тоқтаған болатын. Былтырдан бастап, қайта үрдіске айналған бір күндік шығыны көп думан қайта тойлана бастаған. Жақында ғана Шымкенттің білім басқармасының бастығы 31 мамыр соңғы қоңырау деп жалдамалы қымбат көліктерге, аспанға адамдарды алып ұшатын шарларға, ақылы вертолеттерге тіпті коттедждерге дейін тапсырыс беріп қойған ата-аналардың бар екендігін айтқан еді. Ең бастысы балалардың қауіпсіздігі екенін ұмытпағанымыз абзал.