Астанада Түркістан өңірі тарихынан сыр шертетін көрме ұсынылды
Астанада Түркістан өңірі тарихынан сыр шертетін көрме ұсынылды
Бүгін Астанадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Түркістан өңірінің тарихынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Менің Қазақстаным» концертіне келуші астаналық көрермен тамашалады.
Мұнда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі, Бейнелеу өнер музейі, Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі және Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің экспонаттары мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің көрмесі жасақталған.
Атап айтсақ, ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабиден бастап, атақты балуан Қажымұқан мен ұлы сазгер, ҚР Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов сынды тұлғалардың мұралары, түркі тілдес елдердің ұлттық киімдері, қылқалам шеберлерінің туындылары, оңтүстік өңірде түсірілген фильмдер, өлкенің бай мұрасы мен тарихы қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі