Жаңалықтар

Төлеби бабаның 360 жылдығына орай “Көшпенділер ойыны” ұйымдастырылды

Төлеби бабаның 360 жылдығына орай “Көшпенділер ойыны” ұйымдастырылды

  Биылғы жыл еліміздің тарихында ерекше рөл атқарған ұлы тарихи тұлғаларды еске алуға байланысты оқиғалар мен мерейтойларға бай. Солардың бірі-Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл. Төле би – қазақтың мемлекет, саяси және қоғам қайраткері, Ұлы жүздің биі, шешен және ақын болған. Қазақ халқының үш ұлы (билерінің) бірі Қазыбек би және Әйтеке бимен бірге «Жеті жарғы» заңдар жинағының авторлары. Төле би 1663 жылы қазақ даласының Шу өңірі жайсаң жайлауында дүниеге келген. Төле бидің әкесі Әлібек өз ортасының беделді биі болған. Тарихи жазбаларда атақты Төле биді Ташкентте ханнан бетер қадірлейді деген. Көненің көзі ескінің шежіресі Мәшһүр Жүсіп Төле биден асқан би жоқ деп жазған. Ұлыс ішіндегі дауларға төрелік айтып, әділ шешімін шығара білуі оның парасаттылығы, ол хан сұлтандардың, билердің өзара қырқысының ел тәуелсіздігі мен бостандығына еш нәрсе бермейтінін сезініп, татулықты жақтаған. Бізге жеткен аңыз әңгімелерде «Бірлік жоқ жерде, тірлік жоқ» деген сөздері ұлт бірлігін жақтағанының дәлелі. Төле бидің өмірлік ұстанымы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзі адалдық пен парасаттылықтың,туралық пен әділдіктің биік өлшемі. Нақты осы қасиеттері бүгінгі өскелең ұрпақ үшін таптырмас өнеге. Ұлттық тарихын қастерлеп, даңқты бабаларын үлгі тұтатын жастар ұлы тұлғаның есімін мәңгі қаперде ұстары анық. Осыған орай, Түркістан облысының таулы аймағы Төлеби ауданында «Көшпенділер ойыны» өтті. Дәстүрлі дода биыл үшінші рет ұйымдастырып отыр. Бұл жолы Төлеби бабаның 360 жылдығына арналады, деп хабарлайды newsroom.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айта кетейік, Төлеби ауданының әкімдігі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і сайыстың өтуіне мұрындық болды. Ленгір қаласындағы Төлеби баба саябағында өткен сайысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысты. Барлық аудан, қаладан келген жас спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірді. “Дүние жүзінде, оның ішінде түркі елдері бойынша көшпенділердің спорт түрлерін насихаттайтын деген жоба қалыптасып, тұрақты түрде жалғасып келеді. 2024 жылы Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Осындай өңірлік деңгейдегі сайыстар алдағы уақытта өтетін халықаралық сайыстарға үлкен дайындық алаңы ретінде қабылдануы керек. Бұл жарыс арқылы дала дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын негізге ала отырып, халқымыздың тарихын, болмысын, дәстүрін насихаттай аламыз. Аталған бастаманың өміршең болуы мен жыл сайын жетіле түсуін ұйымдастырамыз. Бүгін табиғат аясында, Төлебидің биік шыңында нағыз көшпенділердің ойыны мен өнер үлгісі көрсетілуде. «Көшпенділер ойынын» атауына сай ауыспалы түрде жасасақ деген бастамалар болған. Дегенмен, Төлебидің жеке брендіне айналғаны жөн деп санаймыз. Ауданның тұлғалары мен ел ағалары облыстық іс-шаралардан республикалық деңгейдегі сайыстарға ұласуына атсалысарына сенім мол”, – деген Бейсен Дәулетұлы ұлттық рухты көтеретін сайыстың маңыздылығына тоқталып. «Көшпенділер ойынында» садақ ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, ләңгі тебу және арқан тартыс секілді қазақтың ұлттық ойындарының 7 түріне басымдық берілді. 14-35 жас аралығындағы жастар қамтылған спорттық шараға жалпы 160 қатысушыдан құралған 16 команда бәсекеге түсті. «Көшпенділер ойынының» қорытындысында командалық есеп бойынша 1-ші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, 2-ші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Ал 3-ші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты. 1-орынға – 300 мың теңге, 2-ші орынға – 200 мың теңге, 3-ші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақылар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ қатысқан әрбір командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Одан бөлек, «Көшпенділер ойынына» арнайы ерекше ұлттық киіммен келген Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының командалары номинацияға ие болып, 3 командаға 50 мың теңге сыйақы берілді. Осылайша, ұлттық киімнің озық үлгілерін ұсынған командаларға құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев барлық қатысушыларды құттықтар, сайыс аясында көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүрін ұлттық ойындар арқылы көрініс табуына ықпал етіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру көзделгенін атап өтті. “Сайыстың басты мақсаты – ата-бабамыздан бізге жеткен  баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз ұлттық ойынды насихаттап, еліміздің болашағы үшін жастарды спортпен  көптеп шұғылдануға шақыру”, – деді Төлеби аудандық мәслихатының  төрағасы Нұрлан Қойбағаров. Ұйымдастырушылар «Көшпенділер ойыны» жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар келесі жылы жүлде қорын арттыру жоспарлануда.