Жаңалықтар

Түркістанда білім беру саласындағы бірқатар мәселелер өз шешімін таппақ

Түркістанда білім беру саласындағы бірқатар мәселелер өз шешімін таппақ

  Түркістан облысына сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірдің әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешу бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды newsroom.kz Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен өңірдің аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Сондай -ақ Премьер министр сапа барысында облыстағы бірқатар білім беру нысандарын аралады. Бұған дейін Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған еді. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Бүгінгі таңда Түркістан өңірінде білім беру саласында мәселелер жеткілікті. Мәселен облыс бойынша 7 апатты және 14 үш ауысымды мектеп бар, балабақшаларға кезек 3,5 мыңды құрайды, оқушы орындарының тапшылығы 33,6 мыңға жеткен. Бастауыш сынып оқушыларының тек 22,6% - ы ыстық тамақпен қамтылған, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектепке дейінгі балалар ыстық тамақпен мүлде қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, 328 мектепте техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты интернет жылдамдығы төмен, 16 мектептің дәретханалары сыртта орналасқан, зертханалар мен колледж шеберханаларының 40%-н жаңарту қажет. “Түркістан облысында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім беру нысанын салу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджет қаражатынан 13 мектеп салынады”, - деп атап өтті Алтай Көлгінов. Сонымен қатар, еліміз бойынша 72 мектеп білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынады, оның 11- і Түркістан облысында бой көтереді. Кеңес барысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп нақтылаумен айналысатын отбасының Цифрлық картасы үшін деректерді өзектендіру мәселелері талқыланды. Жаңартылған деректер әрбір азаматтың мәртебесін анықтауға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж, кепілді мемлекеттік қызметтермен қамтылмаған балаларды анықтауға көмектеседі. Қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі - аймақтағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі. Вице-премьер атап өткендей, мәселе азаматтардың өмірі мен денсаулығына, отбасылардың әл-ауқатына тікелей қатысты, сондықтан әрбір аудан әкімі бұл маңызды мәселені бақылауда ұстауы тиіс. Алтай Көлгінов сондай-ақ жастарды қолдаудың өңірлік бағдарламасын тезірек қабылдау қажеттілігіне баса назар аударды, ол ең негізгі мәселелерді шешуге тиіс: жұмысқа орналастыру, оқыту, тұрғын үй, бос уақыт. “Халықтың өмір сүру сапасы әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей байланысты. Түркістан облысында халық саны тез өсуде. Денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту мәселелері кешенді түрде шешіліп, жергілікті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болуға тиіс”, - деп атап өтті Алтай Көлгінов кеңес соңында. Үкімет басшысының тапсырмасынан соң, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Кентау қаласында 1500 орындық 2 мектеп құрылысы жүргізілетін болды. Қазіргі таңда, жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленуде. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен бірге, мектептің құрылысы жүретін аймаққа барды. Құрылыстың жобасы талқыланды. Заманауи жаңа мектептер 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоғарыда айтылғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы кезінде қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықтармен қамтылады. Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша 25 мектеп бар. Оның 23 мемлекеттік болса, 2-уі жекеменшік білім беру мекемесі. Қалада жалпы 20 055 оқушы білім алуда.