Сарапшылар салаға импорттаушылар тарапынан үлкен қысым болады деп болжайды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Биыл қаңтар–сәуір айларында сүт өнімдері өндірісі 173,8 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан ақшалай түрде 32,9% көбейді. Бұл ретте өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда небәрі 101,6%-ды құрады (яғни, нақты өнім көлемінің өсімі небәрі 1,6%).
Өңірлер бойынша сүт өнімдерінің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында өндірілді: өндіріс көлемі 31,7 млрд теңгені құрады, бір жылдағы ақшалай өсім — 53,2%. Екінші және үшінші орындада Алматы (30,4 млрд теңге, 28,5% көбейген) және Қостанай (24,6 млрд теңге, 76,6% көбейген) облыстары.
Анықтама үшін: жалпы 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда сүт өнімдері өндірісінің көлемі 478,3 млрд теңгені құрап, бір жылда құндық мәнде 17,1% өскен.
Сүт өнімдерінің ішінде физикалық көлемде балмұздақ өндірісінің өсімі ең жоғары: 57,5%, 12,5 мың тоннаға дейін. Сары май өндірісі де айтарлықтай өсті: 26,9%, 9,3 мың тоннаға дейін (соның ішінде пасто тәрізді сүт спреді — 4,9%, 2 мың тоннаға дейін). Өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 5,3%, 199,6 мың тоннаға, ірімшік пен сүзбе өндірісі — 0,4%, 12,5 мың тоннаға дейін өсті.
Бұл ретте қатты күйдегі сүт өндірісі (54,6%, 1,1 мың тоннаға дейін), сондай-ақ йогурт, ашытылған сүт және кілегей (1,3%, 76,2 мың тоннаға дейін) төмендеді. Алайда ашытылған сүтті сусындар сегментінде қымыз (65,4%, 964 тоннаға дейін) және шұбат (21,1%, 1 мың тоннаға дейін) өндірісі өсті.
2023 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар сүт өнімдеріне (жаңа сауылған сүтті қоспағанда) сұранысты 85% қамтамасыз етті, бұл өткен жылмен шамалас (85,8%). Импорт 8,2% өсіп, 26,4 мың тонна болды. Өнімдердің барлығы дерлік ішкі нарықта сатылды: 170,7 мың тонна — бір жыл бұрынғыдан 3,7% артық. Экспортқа небәрі 4,6 мың тонна жөнелтілді, көрсеткіш бір жылда 32,6% азайды.
Өңделген сүт пен кілегей сегментінде компаниялар бір жыл бұрынғы 96,2%-бен салыстырғанда сұранысты 94,6% қамтамасыз етті. Импорт бір жылда 45,9% өсіп, 5,5 мың тоннаны құрады. Ішкі нарықтағы өнімді өткізу 7% артып, 101,8 мың тоннаны құрады. Сүт экспорты 73,4% азайып, небәрі 1 мың тоннаны құрады.
Сүт өнеркәсібінің басқа сегменттері бойынша толық деректер кестеде келтірілген. Бұл өнімдер бойынша еліміз өзін өзі қамтамасыз етуге әлі ерте екені байқалады.
Ал сарапшылар ҚР сүт өнеркәсібінде дағдарыс жүріп жатыр деп есептейді. Қазақстан жыл сайын 700 млн АҚШ долларының өнімін импорттайды. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде де талқылануда. Ведомство бұл мәселені жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы шешеміз десе, сарапшылар бұл қаражатты ресейлік және беларусь компанияларының баға демпингіне төтеп бере алмайтын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауға жұмсаған дұрыс деп есептейді. Жалпы, алдағы екі жылда Ресей мен Беларусьтің дамыған өнеркәсібі қазақстандық ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай зиянын тигізеді деген алаңдаушылық бар, деп хабарлайды
inbusiness.kz.
Биыл сәуір айының қорытындысы бойынша, сүт өнімдерінің бағасы бір айда 1,7%, бір жылда бірден 26,9% өсті.
Жылдық динамикада ең көп сүт консервілері (44,5%), қаймақ (33,5%), ашытылған сүт өнімдері (29,2%), йогурт (28,9%), ішетін сүт (28%), майлылығы 2,5% айран (24,1%), қатты ірімшік (21,2%) және майлылығы 5%–9% сүзбе (16,1%) қымбаттады.
Өңірлер бойынша сүт өнімдерінің бағасы Маңғыстауда (бір жылда 40%), Батыс Қазақстанда (35,6%), Қызылордада (33,2%), Ақтөбе (32,7%) және Павлодарда (30,2%) айтарлықтай өсті. Ең аз жылдық өсім Алматы облысында тіркелді: «бар болғаны» 22,9%.