Қазақстанның интернеті табанына тас байлап алған – Нартай Аралбайұлы
Қазақстанның интернеті табанына тас байлап алған – Нартай Аралбайұлы
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елдегі интернеттің жылдамдығына шүйлікті, деп newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл депутаттық сауалымның артында интернеттің инесіне отырмаса да, ғаламторға тірелген тіршіліктерін уақытында тындыра алмай зәрезап болған миллиондаған отандасымның мұңы жатыр. «Қазақстанда интернет бар» деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Сандарға сүйенейік, биылғы жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халқы саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек, шынайы жағдайға келсек ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы бек мүмкін, - дейді депутат.Оның айтуынша, себебі үкімет 2020 жылы республика халқының 98,7%-ын интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамассыз етті деген таратқан. Бірақ бұл деректің де арты бір-ақ тұтам екенін уақыт өте аңғардық деп отыр.
Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді. Сапалы интернетті басқа түгілі бас қалада қолдану қиынның қиыны. Интернеттің сын көтермейтін сапасына қарамастан халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастады жауапты ведомство. Интернетсіз өмірдің азабын қазір ең алдымен ұстаздар мен оқушылар тартып отыр. Бұл проблеманы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновте растайды, - Нартай Аралбайұлы.Депутаттың айтуынша, Көлгінов қазір Қазақстандағы 3 мыңнан астам мектеп ғаламторға қосылмаған немесе оның сапасы төмен депті. Өзі көшпелі отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында Күнделікті үйлерінен толтыруға мәжбүр ондаған ұстазбен жүздескен.
Бұл тек 1 облыстағы ахуал. 2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік, демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па? Жұртқа айыппұл емес, сапалы интернетқажет емес пе?, - дейді мәжілісмен.Ол атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-не кең жолақты мобильді интернет тартылған. Бірақ бұл қалған мыңнан астам елді-мекендегі халықтың құқығын шектеу емес пе? деп айтты.
Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірлегенін естідік. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бес жылда шамамен 560 миллиард теңге бөлінбек. Бұл Қазақстандағы интернет мәселесін толық шеше ме? Оған кім кепіл? Бұдан бөлек, кейінгі үш жылда салаға байланыс операторлары тарапынан инвестицияның 60 пайызға дерлік қысқарғаны белгілі болды. Мұның себептері қандай? Және интернеттің бағасы қазақстандықтардың қалтасын қатты қағып тұр. Кей ауылдарда адамдар уай-фай арқылы интернетті қолдану үшін әкімдіктер мен дүкендердің алдында сағаттап отыруға мәжбүр. Ғаламтор үшін алынатын төлемақыны қолжетімді қылу мүмкін бе?, -дейді Нартай Аралбайұлы.Ол тұрғын үй кешендерін салған компаниялармен интернет қызметін ұсынатын компаниялар арасында лоббилік әрекеттер жиі байқалады деп отыр.
Мысалы: Астанадағы тұрғын үй кешендерінде тұратын отандастарымыз өз қалауына қарай интернет қызметін ұсынатын компанияны таңдай алмайды. Өйткені құрылысты салған компания «біздің үйде тек мына интернет ұсынатын компанияның қызметін пайдалана аласыз» дейді. Бұл да жемқорлықтың бір көрінісі емес пе? Бұған кім жауапты? Адамдарды таңдаудан айыратын қандай тәртіп?, - дейді депутат.Нартай Аралбайұлы министр Бағдат Мусинге мынандай ұсыныс айтты: 1.Сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін, сала мамандарын және депутаттарды қосуды сұраймын; 2.Сіздің министрліктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін атын атап тұрып ашық жариялау керек; 3.Интернетсіз отырған ауыл-аймақтардың тұрғындары өзі тұрып жатқан елді-мекенге қашан, қай кезде ғаламтордың қосылатынын нақты білуі керек. Сондықтан, министрлік қоғам алдында жауапкершілік алып, қай жерге, қашан сапалы интернеттің жететінін ашық жариялауы қажет.