Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, полковник Тұрысбек Сартаев қала әкімінің қаулысына сай шомылуға болатын орындар бекітілгенін мәлімдеді деп хабарлайды Newsroom + тілшісі Bag.kz сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Алматы аумағы арқылы 28 шағын өзен ағады. Одан бөлек қала маңында 26 су қоймасы бар, оның 4-еуіне шомылуға рұқсат берілген.
Суға шомылу жөнінде айтпас бұрын елімізде инфекция жұқтыру жағдайы артып отырғанын, қауіп әлі де бар екенін айтқымыз келеді. Сондықтан адам көп шоғырланатын жерге бармаған жөн. Алматы әкімінің қаулысына сай карантин алынған соң қалада шомылуға болатын орындар бекітілді. Біріншісі - Сайран өзенінің батыс бөлігі Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай пирсқа дейін 300 метр, екіншісі - Сайран өзенінің шығыс бөлігі Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай, үшіншісі - "Гүлдер" демалыс орны, ал төртіншісі - Баум тоғайы, - деді ол.
Сонымен қатар, ол Үлкен және кіші Алматы өзендерінде шомылуға тыйым салынғанын және қауіпті деп танылғанын айтты.
Осыған байланысты Төтенше жағдай департаменті құтқарушылары мен полицейлер бірігіп, өзендер жағасында рейд жүргізеді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық гвардиясы сарбаздары күнделікті шолып отырады. Мамыр айында департамент құтқарушылары мен арнайы құтқару отряды 60-қа жуық патрульдік жұмыстар жүргізді, - деді Сартаев.
2019 жылы Алматыдағы шомылу орындарында 8 адам суға кеткен. Сонымен қатар, құтқарушылар 65 адамның өмірін сақтап қалған, оның 36-сы бала.