Зерттеу: Нью-Йорк қаласы мұхит түбіне батып барады
Зерттеу: Нью-Йорк қаласы мұхит түбіне батып барады
Аспанға мойынсұнған зәулім ғимараттар жаһандық қаржылық астананы тұңғиыққа батырып жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
New York City – дүниежүзіндегі ең ірі агломерация. Әлемнің қаржылық, экономикалық, саяси және мәдени орталығы. Онда шамамен 19,7 миллионнан астам адам тұрады. Шаһардың іргесін XVII ғасырдың басында голландық отарлаушылар қалады, сондықтан ол 1664 жылға дейін Жаңа Амстердам аталды.
Бүгінде америкалықтар "Үлкен алма" атап кеткен бұл қала 5 әкімшілік округтен құралған. Оларды аудан немесе боро-borough атайды, бұлар: Бронкс, Бруклин, Куинс, Манхэттен және Статен-Айланд.
Нью-Йорк Атлант мұхитының жағалауында орналасқан. Яғни, оның асты – ұлы дария.The Guardian.
Нью-Йорктың қапталдарында су деңгейі 1950 жылдан бері 9 дюймге немесе 22 сантиметрге көтеріліп үлгерді. Салдарынан бұған дейін біраз аудандардағы нысандарды су басты.
Зерттеуде қаланың "аласаруы" оның тауқыметінің басы ғана екені атап өтілген. Ғасыр соңына қарай мұхиттағы дауылдар өршиді, салдарынан ірі су тасқындарының саны қазіргіден 4 есе жиілейді. Ендеше қала толық су астында қалмағанымен, оның көптеген ауданы өмір сүруге жарамай қалуы мүмкін.
"Қала орталығында тығыз шоғырлана тұрып жатқан 8,4 миллион адам қазірден Нью-Йоркті су басу қаупіне түрлі дәрежеде тап болды", — деген байлам жасалды Earth’s Future журналында жарияланған сол зерттеуде.Зерттеушілер Нью-Йоркке төнген қатердің салмағын тек агломерация қалалары немесе Америка ғана емес, бүкіл әлем сезінетінін ескертті. Өйткені әлемдегі кез келген елдің ірі компанияларының бағасын беріп, ауқатын арттырып отырған биржалар Уолл Стритте орналасқан. БҰҰ штаб-пәтері, жаһандық мәдениеттің жауһарлары саналатын түрлі ірі музейлер, атақты опера залдары да Нью-Йоркте орын тепкен. Шаһардың осынша көп заңғар ғимараттарға лық толуы жағдайды тіпті күрделендірді. Зерттеушілер есептегендей, қаладағы алып нысандар, мысалы, атақты Эмпайр-стейт билдинг пен Крайслер-билдингтің салмағы жалпы алғанда 1,68 триллион фунт немесе 762 миллион тонна тартады. Бұл бірінің үстіне бірі мінген 140 миллион пілдің салмағына тең. Оның сыртында қалада ірілі, ұсақты миллионға жуық ғимарат бар. Осындай алапат масса жазық даланы да шыдатпас еді. Зәулім ғимараттардың көбісінің ұстын, діңгегі тақтатас сияқты қатты жынысқа тіреліп тұр. Бірақ құмды, балшықты жерге де тұрғызыла салынғаны бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, олар салмақтың тепе-теңдігін бұзып, қаланың мекен еткен аралдарының бір жаққа қарай, ақырын жантаюына ықпал етеді. Бұл теріс эффект әсіресе, шығыс жағалауға тән көрінеді. Жаңа зерттеуге басшылық еткен тұлға, АҚШ Геологиялық қызметінің геофизигі Том Парсонс дәл қазір дүрбелең-паникаға ұрынуға негіз жоқтығын айтып, ньюйорктіктерге басу айтты. Бірақ оның пікірінше, осынау жағымсыз процеске, яғни қаланы барған сайын су көбірек басатынына дайын болған жөн.
"Топырақ жынысы неғұрлым жұмсақтау аудандарда ғимараттардың қысымы да соғұрлым көп. Нью-Йоркте бірде бір биік ғимарат салмау керек еді демейміз. Дегенмен, бір нәрсені мықтап есте сақтауға тиіспіз: қаладағы кез келген ауқымды құрылыс оны су түбіне шамалап батыра түседі", – деп "суыт" хабарын жасырмады Том Парсонс.Қаланың болашағы бұлыңғыр екенін тұрғылықты халық жақсы түсінеді. Мысалы, 2012 жылғы атақты "Сэнди" теңіз дауылы олардың есінде: Нью-Йоркке жойқын соққы берген "Сэнди" метроны су астында қалдырды. "2012" аталған апокалипсис фильмінде суреттелген нәубет келіп қалды ма деп жұрттың зәре-құты қашыпты. "Су деңгейінің жоғарылауына қарсы ең жақсы амал — биігірек жерлерге көшу болар еді. Бірақ мұны Төменгі Манхэттендегі және басқа аудандардағы аса қымбат жылжымайтын мүлік қожайындарына айтыңыз. Олар зәулім ғимараттарын биік орындарға көшірсін. Бұған олар ешқашан бармайды. Сондықтан бізде қасаң ортодоксалды емес идея бар: Нью-Йоркты заманауи Венецияға айналдыруымыз қажет. Сонда қазіргі магистралді жолдар каналдарға айналады, олармен адамдар су көлігі көмегімен қозғалып, өмір сүріп, жұмыс істей алады", – деді профессор Клаус Джейкоб. Сонда Үлкен алмадағы ғимараттар, олардағы кеңселер мен өзге де бизнес ондаған жылдар бойы су үстіндегі шағын аралдарда жұмысын жалғастыра алады. Ғалымдар атақты ньюйорктік сары таксилерді сол кезде катер-амфибиялармен алмастыруды ұсынды. Әлемді бар саладағы инновацияларымен билеп отырған Америка алдағы болашақта да өлмеудің, өркендеудің жолын табары сөзсіз.