Жаңалықтар

Мұхамедиұлы ісі: Адвокаттар Райымқұловаға не үшін шүйлікті?

Мұхамедиұлы ісі: Адвокаттар Райымқұловаға не үшін шүйлікті?

Астана қаласында Арыстанбек Мұхамедиұлы ісіне қатысты кезекті сот отырысы басталды. 2019 жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрі болған Ақтоты Райымқұлова куәгер ретінде жауап беруді жалғастырды, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz. сайтына сілтеме жасап. Сот отырысы 2020 жылы Индияның Нью-Дели қаласында өткізілген көрме жайлы "ештеңе білмедім" деп куәлік еткен Ақтоты Райымқұловадан қаражаттың қайдан бөлінгенін анықтаудан басталды. Куәгер ақшаның алдын-ала құрастырылған жоспар бойынша жыл басында 5 елде ұйымдастырылатын шараларға бөлінгенін айтты.
"2020 жылғы жоспар бойынша Индия құрамына кірмейтін тізімдегі 5 елде көрме өткізу үшін қаражат алдын-ала бюджеттен бөлініп қойған. Қаржыландыру Ұлттық музейдің сұрауы бойынша, қажет құжаттар көрсетілгеннен кейін ғана берілетіні рас, алайда тек жоғарыда айтып өткен жоспар бойынша және онда белгіленген елдерге ғана қатысты тағайындалады", - деді А.Райымқұлова сот отырысы барысында.
Куәгердің жауабы шындыққа жанаспайтынын алға тартқан айыпталушы жақ, оның мәлімдемесіне қарсы заттай дәлелдемелер келтірді, оның істе қарастырылуына сот рұқсат берді. ҚР Президентінің жанындағы "Рухани жаңғыру" 2017-2020 жоспар бағдарламасының іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысы хаттамасының 2.2 тармағына сәйкес, бұл жоспарда Үндістанда көрме қарастырылған. Экс-министр А.Райымқұлова құжатқа өз қол қойғанын растады, алайда сот қарастырып отырған 2020 жылға Нью-Делиде іс-шара ұйымдастыру көзделмегенін алға тартты (Үндістандағы көрме 2018 жылға жоспарланған).
 "Бұл құжат тағы бір мәрте мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға министрліктер жауапты екенін дәлелдейді. Мен сол кезде Министрдің қызметін уақытша атқарушы ретінде Президент әкімшілігі алдында осы құжатпен есеп бергенімді жасырмаймын, бірақ құжатты мұқият қарасаңыздар Үндістандағы көрме 2018 жылға жоспарланған, біз қарастырып отырған 2020 жылға емес", - деп жауап қатты бұрынғы министр.
Мұхамедиұлының қорғаушысы бұған дейін өткен сот отырысында куәгер 2020 жылдың 16-27 наурызында денсаулық жағдайына байланысты жұмыста болмағанын айтқанын келтіріп, кейін оқиға жайлы хабардар болған А.Райымқұлова дереу қалған қаражатты қайтаруға бастамашы болды деген куәгерлігін жоққа шығарды. Оған дәлел ретінде қылмыстық іс материалдарында 2020 жылдың 10 сәуірінде Мәдениет және спорт министрлігіне тікелей жіберілген хат сотқа ұсынылды.
"Көрменің ашылу салтанатына Үндістандағы Қазақстан Республикасының елшісі Ерлан Әлімбаев және Үндістан ұлттық музейінің директоры Р.Синх мырзалар қатысты. Алайда әлемде COVID-19 індетінің күшеюіне және Үндістандағы музейлердің жабылуына байланысты аталған көрмені ағымдағы жылғы 22 наурыздан бастап қайтару шешім қабылданды", - делінген хатта.
Сонымен қатар, 13 наурызда Алмаз Нұразханның атынан жазылып, сол министрлікке жіберілген тағы бір хат ұсынылды. Онда Үндістанға жетіп қойған көрмені жаппай, қысқа мерзімде өткізуге рұқсат сұралған және басқа мемлекеттердегі мәдени шараға бөлінген қаражатты қайтару ұсынылған.
"...Осыған байланысты "Ұлы дала. Уақыт кеңістік, Мәдениет " көрмесі қазіргі уақытта Нью-Делидегі Ұлттық мұражайда орналасқан, оны қалдыруды сұраймыз. Сондықтан, басқа елдерде көрмені өткізуге көзделген қаржыны коронавирустық пандемияға байланысты қабылданған шараларға байланысты республикалық бюджетке қайтаруды ұсынамыз", - делінген ұсынылған хатта.
Ақтоты Райымқұлова қорғаушы оның сөздерін бұрмалады деп, "қалған қаражатты қайтаруда бастамашы болмадым" деп жауап берді. Сонымен қатар, 10 және 13 наурызда министрлікке келіп түскен хаттарды өз көзімен көрмегенін, тек 18 наурыз күні қолы жеткен қызметтік хабарлама бойынша тапсырма бергенін айтып куәгерлік етті. Мұхамедиұлының тағы бір адвокаты Мұстақым Төлеев Ақтоты Райымқұловаға сұрақты төтесінен қойып, оның бұрынғы Ұлттық музей басшысының мемлекет ақшасын жымқырғаны жайлы дәйектері бар-жоғын сұрады. "Мұхамедиұлының бюджет қаражатын жымқырғаны жөнінде сізде дәлел бар ма?"  Ақтоты Райымқұлова бұл сұрақтың өзіне қойылуы "дұрыс емес" екенін атап өтті.
"Менде ондай мәлімет жоқ. Ол мәліметтерді анықтау басқа инстанциялардың міндеті. Бірақ қандай да бір жоспарлар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуына заңды тұлға басшылығы жауапты. Ал қалғанын сот шешеді", – деді Райымқұлова.
Сот отырысы әлі жалғасуда.