Түрікменстанда тұратын мыңға жуық қазақ «қандас» мәртебесін алуға өтінім берген
Түрікменстанда тұратын мыңға жуық қазақ «қандас» мәртебесін алуға өтінім берген
Түрікменстанда тұратын мыңға жуық этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алуға өтінім берген. Бұл туралы «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы айтып берді, деп newsroom.kz хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білесіздер, солтүстік өңірге қазақтарды көшіру мәселесі бойынша «Отандастар қоры» және Сыртқы істер министрлігі қазір «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді. Осы ретте Түрікменстаннан көшетін қазақтарға байланысты бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мұнда бірқатар түйткілді мәселе бар, оның ішінде Түрікменстаннан көшетін қандастарымызды солтүстік облыстарға тұрақтандыру мәселесі. Көпшілігі Батыс Қазақстан аумағында қалғысы келеді, солтүскке көшкісі келмейді. Мұндағы негізгі міндет жергілікті атқарушы органдардың үлесінде. Еңбек министрлігі, Ішкі істер министрлігі оларды құжаттандыру мәселесімен айналысатын болса, оларға нақты материалдық көмек, жұмыспен, баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады», - деді Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорында» тілшілерге берген сұхбатында.
Қор басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Түрікменстандағы мыңға жуық қазақ «қандас» мәртебесін алуға өтінім берген.
«Бүгінгі таңда «қандас» мәртебесін шетелде жүріп те алуға болады. Осы Түрікменстаннан басқа, Моңғолиядан 185 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері ол жақтан 15 отбасы көшіп келді. Олардың да басым көпшілігін солтүстік өңірлерге қоныстандыру жоспарланып отыр», - деді Абзал Сапарбекұлы.
Бұған дейін спикер Еуропада, АҚШ, Ресей, Қытайда қазақтардың құрылтайы өтетінін айтқан еді.