Әлемнің ең қуатты жеті демократиялық мемлекетінің басшылары әлемдегі алғашқы атом бомбасы тасталған Хиросимада "Жетілік тобының" саммитін өткізеді, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Жұмадам басталып, үш күнге созылатын саммитке қатысты негізгі сауалдардың жауабына тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:
G-7 саммиті дегеніміз не?
"Үлкен жетілік" – жетекші индустриялдық елдердің бейресми тобы. Оған Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ кіреді.
Биыл Жапонияның қабылдау кезегі. Бірақ G-7 саммиттерінің төрағалығы жеті мүшенің арасында өтеді. Ал оның жиындарына Еуроодақ өзінің екі өкілін жіберіп тұрады. Сонымен қатар, топ сессияларына G-7-ге кірмейтін кейбір елдер мен халықаралық ұйымдардың басшылары да шақырылады.
Саммитке тағы кімдер барады?
Биыл оған Австралия, Бразилия, Комор аралдары, Кук аралдары, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Корея және Вьетнам басшылары шақырылды. Өйткені Жапония премьер-министрі Фумио Кисида "Жаһандық Оңтүстік" пен АҚШ одақтастығы мен серіктестігі аясында дамушы елдермен байланысты нығайту маңызды деп есептейді.
G-7 елдерінің жаһандық экономикалық белсенділіктегі үлесі қырық жыл бұрынғы шамамен 50%-дан 30%-ға дейін қысқарды. Себебі Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты дамушы экономикалар үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Бұл жағдай G-7-нің өзектілігі мен оның әлем экономикасын басқарудағы рөлін күн тәртібіне шығарып отыр.
Сондай-ақ "Үлкен жетілік" саммиттеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының, Халықаралық энергетика агенттігінің, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Дүниежүзілік сауда ұйымының басшылары да шақырылады.
Неліктен Хиросима?
Хиросима – Кисиданың туған қаласы. Оның бұл жерді таңдауы биылғы саммиттің күн тәртібіне ядролық қарусыздану мен сол арсеналды таратпау мәселесі енетінін көрсетеді.
Талқыланатын негізгі мәселелер
G-7 басшылары Украинаға қолдауды жалғастыруға уәде етіп, Ресейдің Украинадағы соғысын қатаң айыптамақ. Сессияға президент Владимир Зеленский интернет арқылы қатысады.
Сонымен қатар, саммитте Бейжіңнің Тайваньға қарсы күшейіп келе жатқан қауіп-қатерлеріне, Батыс демократияларының Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелділігін азайту жолдарына да назар аударылады.
Тағы не болады?
Саммит аясында Кисида президент Джо Байденмен және Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёлмен кездесіп, қауіпсіздік саласындағы тығыз ынтымақтастықты талқылайды. Сонымен қатар, үш елдің жетекшілері ядролық қауіпті тежеу проблемасын да қозғауы мүмкін.
© Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz