Жаңалықтар

Ақтөбе әкімі қымбат ресторандағы туған күні туралы не айтты?

  Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың туған күніне мемлекеттік қызметкерлер қызметтік көлікпен мейрамханаға келду деген видеолар тараған болатын. Әкім өзінің туған күнін қаладағы қымбат мейрамханалардың бірінде тойлады ма деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz. Айта кетерлігі, 13 мамыр облыс басшысы Ералы Тоғжанов 60 жасқа толған еді. Орталық коммуникациялар қызметінің жиынында журналистердің туған күнін тойлау мәселесіне қатысты сұрағына жауап берді. Әлеуметтік желіде 13 мамыр күні  Ақтөбедегі ең қымбат мейрамханаға қызметтік көліктердің мерекеге жиналғаны түсірілген. Алайда олар әкімнің туған күні тойлануда деген пікір тараған еді. Облыс басшысы тиісті органдарға қызметтік көліктердің мейрамханада не істегенін тексеруді тапсырғанын айтты. “Шындықты айту керек. Отбасымызда туған күнімді 12-нен 13-не қараған түні тек жақындарымыздың ортасында атап өту дәстүрге айналған. Астанада жұмыс істеп жүргенімде балаларым ұшып келетін. Мен туған күнімді отбасыммен ғана атап өтемін. Және биыл туған күнімде кешке дейін жұмыста болдым”,-деді облыс басшысы. Сонымен қатар ол қызметтік сапармен 13 мамырда облыстағы ең шалғай аудандардың бірі – Қобдаға барған. Онда балалар үйінде болып, спорттық шараға қатысқан. Осылайша әкім туған күнін отбасымен тойлағанын айтып ақталды.